Өлеңдер ✍️
ДОЙЫР
Қайтыс бопты атам Нартай да,
Күйзеліп қалдым мен демде.
Шежіре айтар қарт қайда,
Шалғайдан енді келгенде.
Қос соғыс көрген айтулы ер,
Қайырлатыпты кемесін.
Қара қорымнан қайтуда ел,
Тапсырып жерге денесін.
Қаралы ат болып бәйге көк,
Белдеуде мүлгіп, тұл маңдай.
Табыңдар шалды,
Қайда деп,
Кінәлап бізді тұрғандай.
Қасқырға салар қос құмай,
Қыр жаққа қарап көп үрді.
Аулаққа ап кетші, достым-ай,
Бұзады екен көңілді.
Қадірі өткен нар шалдың,
Соқтырам қалай жүрегін...
Төбешік болып қарсы алдың,
Мен кеткен кезде тірі едің.
Бір ғана құрбың қалған ба,
Алты сай бөрік жарасар.
Арманда кеттің, арманда,
Деп жылап тұрған қара шал.
Көкірегімді қаруда,
Тыңдап бітпеген дастандар.
Гуілдеп жыртыс алуда
Шляпі киген “жас шалдар”.
Қолыңда өскен ұл едім,
Алысқа бұрған кемесін.
Құлатып алған тірегін,
Жұбатып ауыл не десін.
Қуаты демеп батаңның,
Аңсарым ауар ескі үнге.
Дойыры қайда атамның,
Бермеп пе ең, апа, ешкімге.
Қорғасын өзек сап өрген,
Құйрықпен майлап құрғатпай.
Талай көкжалдар ақ өлген,
Тарс ете қалса,
Тіл тартпай.
Маған бер соны, жан апа,
Жоқ оның тіптен өлшеуі.
Бітірсең оқу Нар атам,
Сыйлаймын саған деуші еді.
Арналып жырым, оқылып,
Басына талай келермін.
Дойырға қарап отырып,
Дойырдай өлең өрермін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter