Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  84


Автор: Бауыржан Үсенов

ШЫР АЙНАЛЫП АРҚАНДА ТҰРҒАН ӘРЕҢ...

Шыр айналып арқанда тұрған әрең,
Шұрқырайды үйірсек қырда дөнен...
Жыр құрасам деп едім қоштасқанда,
Батарының алдында күн даламен.
Шың басында шүлпілдеген тұр тегене,
Соңғы шапақ жануда білтелене.
Батқан күнге мұңайып қарадым мен,
Малдас құрып отырып бір төбеге.
Мен де сұлық, сөйлемей жыр да сұлық,
Қараңғылық келеді қырға асығып.
Жанарымнан үзілген тамшыдайын,
Тағы бір күн жоғалды құмға сіңіп.
Тебіренсем көзімнен көшер мекен,
Бұл далаға мен қашан нөсерлетем.
Бір күн өтті тамшыдай құмға сіңген
Құм бетіне түп жусан өсер ме екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу