Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  122


Автор: Бауыржан Үсенов

ЖАЗУ КЕРЕК

Жазу керек,
Жазбасам болар емес,
Үнсіз жүрсем мені ешкім шора демес,
Бір ерегіс бар еді тағдырыммен,
Қояр емес тыншымды ап сол ерегес.
Ештеңемді ешкімге бұлдамадым,
Сар даланың сарыны – тыңдағаным.
Бір сыбағам бар еді тіршілікте,
Сыбағамнан қалайша құр қаламын?
Күңіренбей, өмірге күліп келдім,
Бір ширегін және оның сүріп көрдім.
Бәйгелерге атымды қоспасам да,
Бір жүлдеден әйтеуір үміткермін.
Мен шықпаған биік көп құз-қиялы,
Қиялымды қанша әлі мұз қияды.
Қуаныш кеп сайратса бұлбұлымды,
Қиянат кеп жарама тұз құяды.
Көріп келем маңдайға жазылғанды,
Ох, қаншама шертілмей сазым қалды.
Жазу керек,
Жер басып жүргеннен соң,
Ұшсын деймін қаңқылдап қазым мәңгі.
Жан біткенге тіледім жарқын тілек,
Қапылыста құласам – халқым тірек,
Мен дегенің соға алмай буырқанып,
Күтіп жүрген көктемін Алтынкүрек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу