Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  81


Автор: Бауыржан Үсенов

МЕН НЕЛІКТЕН...

Мен неліктен
жүре алмаймын кеудемен елге біткен,
Бұзақы деп, тентек деп ат қойыпты,
Құтыла алмай жүргенде пенделіктен.
Үзілер деп қорқамын жүйке бір күн,
Үзіп алар әні жоқ күй-көңілдің.
Бастан асар қайғыны сыйлай салған,
Өтіп-ақ жүр қорлығы ит өмірдің.
Бөлінеді ой онға, сана мыңға,
Баяғыдай желік жоқ қаламымда.
Тағдырым сыйлап қойған сыбағамнан,
Айырылам ба, білмеймін, аламын ба...
Ей, пенделер, қу тірлік тыншын алған,
Бар ма осы сендерде бір шын арман.
Сыздап жатыр, жанымда сыздап жатыр,
Ауыр жара өздерің қыршып алған.
Жағдай осы кірлеген көңіл сүргін,
Құшағында бұлқынам темір сынның.
Күйін кешіп шырмалған сенімсіздің,
Кеп жүргем жоқ шын айтсам өмір сүргім.
Кетпесем тек болғаны арманда боп,
Өскен едім жылытып заңғардағы от.
Шие бөрі көзімен қарамаңдар,
Сендер ішер қан менде қалған да жоқ.
Кешір мені, ақынға жолдас өнер,
Жасып кетер жан емен сорға сенер.
Көрсетер ем қыранның өлімін мен,
Жазылмаған бір өлең болмаса егер.
Жаңарармын, болмаса көнерермін,
Бір өлеңмен бәріңді өрелермін.
Ей, пенделер, сол кезде жалған жылап,
Бауыржанды жерлеуге келе бергін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу