Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.08.2022
93
ҚЫРАН ҰЯСЫ
Жігіттер ірі – туасы нардай,
Қайтпайтын қайсар, кіл бекем.
Жусаны жұпар, жуасы балдай,
Жампозы жердің бұл мекен.
Қоршаған таулар кереге сынды,
Бұлттарға жақын бір қадам.
Денеме менің шеребе сіңді,
Тас бастау, тентек жылғадан.
Май тамып тұрған мамыр алаптан,
Маржан сөз жиған көземмен.
Аңғарды тіліп аңырап аққан,
Қошқаратаға қозы ем мен.
Ұқсасам деген мықты ағама бір,
Таусылмас арман бар менде.
Қолдан өсірген құтханама бұл,
Қошқар ұл болсам арман не.
Жебедей жауды бұзған алыстан,
Сарынымен етіп қос үрей.
Бауыржан сынды мұзбалақ ұшқан,
Қыран ұясы осы ғой.
Батырын көкке өсірді халық
Мен жүрмін жерде ақын боп.
Бауыржан атын есім қып алып,
Ез ғұмыр кешуге хақым жоқ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter