Өлеңдер ✍️
ЕРТЕ СОЛҒАН ЖЫР ГҮЛІ
Қазақы өлең қаншама рет аһ ұрды,
31 де дана қажы атылды.
37. Сәкен менен Ілияс,
Елге атылған оқты өзіне шақырды.
76. Мұқағали алыпты,
Күйік пен у теңізіне батырды.
Біздің заман бетін тырнап алатын,
Өлеңі үшін өлтіреді ақынды.
Таланына азап пен сор жақын ба,
Жырымен гүл өсіретін тақырға.
Бірінші боп,
Зорлық билік алса егер,
Ақын байғұс кетеді екен тақымда.
87. Дүрліктіріп даланы,
Үкім шықты тағы да бір ақынға.
Деп алатын ауасы жоқ қоғамда,
Ақыл мен ой айналады боданға.
Ақыл мен ой айналғанда боданға,
Ақын көнбей қояды екен, содан ба?
Пәле біткен өш келеді оларға
Қайран Қайрат,
Не ойлап жатыр екенсің,
Топырағы жылап жатқан молаңда.
Жатаберісі көп мына заманда,
Ақын болу қиын маған, саған да.
Кінәлі ме ақын Қайрат, ер Қайрат.
Ауа жетпей атып шыққан Алаңға.
Қылқындырған қиянатқа көнбеді ол,
Тапталғысы келмеді оның табанға.
Әсте есінен шығармайды жыр мұны,
Айтады ылғи домбыраның күмбірі.
Аты аталса күрсіндірер жылатып,
Желтоқсандық азамат пен құрбыны,
Жатыр бүгін Шыңғыстау, бауырыңда,
Қара өлеңнің ерте солған бір гүлі.
Айналайын ағайындар ақ жүрек,
Жолың түссе,
Басына бар,
Тағзым ет...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter