Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  148


Автор: Бауыржан Үсенов

КӨКТЕМ. АЙҒЫРЛАР ТАЛАСЫ

Жылға бойлап ойнайды бала шабақ,
Жота біткен жап-жасыл алаша нақ.
Атам айқай салады құшырланып,
Айғырлардың таласын тамашалап.
Арыстандай алысып азынаған,
Албырттарды-ай, байталдың назы ұнаған.
Алпауыттай бүреді жирен айғыр,
Ала айғырды жем жейтін қазынадан.
Көктем ән сап сызылтып, самал үріп,
Қарап жатыр мойынын дала бұрып.
Айырмаса жылқышы құрық сілтеп,
Толастамас сірә да, ана бүлік.
Жирен айғыр Аланы жеп барады,
Қайта-қайта алапат тепкі алады.
Түгі жылтыр жұп-жұмыр үркек байтал,
Бұл таласқа жақындау кеп қарады.
Бақырайтып көздерін осқырады,
Тікірейіп қамыстай қос құлағы.
Мен бірдеңе түсінсем, мына шайқас,
Бие – байтал көңілін хош қылады.
Шыдамады ақыры Ала қашты,
Тырағайлап қашқаны жарамас-ты.
Доғаша иіп мойынын жеңімпаз кеп,
Шұрқыраған үйірге араласты.
Жан бітірген тасқа да қайран көктем,
Бозторғайлар салады сайран көктен.
Сырқат атам жазылып кетті менің,
Жуа турап ішкелі айран көптен.
Жылға бойлап ойнайды бала шабақ,
Жота біткен жап-жасыл ала шанақ.
Атам айқай салады құшырланып,
Айғырлардың қылығын тамашалап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу