Өлеңдер ✍️
Кеше
– Шындық қайда? – деп едім мырсың етті дөй қара,
– Шындық деген мына мен, ағаңменен ойнама.
Ақты қара десем мен қара болып шығады,
Шындық түгіл есімнен Құдайың да ығады.
Неге ғана сұрап ем, осы болды өлгенім...
“Шындық деген менмін”,– деп басып берді ол мөрін.
Балдағына сүйеніп, бір аяқпен түрегеп
Қайыр сұрап тұр екен шал боп қалған мүгедек.
Жырым-жырым көйлегі, тірі аруақ бейнелі,
Шындық қайда?– деп едім, бір-ақ ауыз сөйледі.
“Нағыз өмір соғатын шебер еді сол ұста,
Бірақ жоқ қой көкем ол, өліп қалған соғыста”.
Сұрағымды қойдым мен сұлу қызға бақшада,
Пікірінше сұлудың нағыз шындық ақшада.
Нағыз шындық мансапта, нағыз шындық билікте,
– “Шашылады сүйегің, ей, сұмырай, килікпе!”.
Деген айқай шықты да, тарс бітелді құлағым,
Біреу тартып жеңімнен деді кенет: – “Шырағым!
Бір қызылға қоссаңшы бір жарым сом жетпей тұр,
Миымда бір айқай бар, жанды қинап кетпей тұр”.
Келіп жетті жарты да, тиын-тебен қосып ек,
Сүйіп алды әлгі ағам: “нағыз шындық осы”, – деп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter