Өлеңдер ✍️
ТАҢ ЖЫРЫ
Жұлдыз ақты аспаннан бір дір етіп,
Тамшы тамды шатырдан күмбір етіп.
Жазылмаған жанымды жыр жүдетіп,
Онсыз да көп жіберді мұңды үдетіп.
Қараңғы түн бүгін де сыр ашпады,
Қалғып жатыр қыбырсыз қыр асты әлі.
Шығыс жақты желегі бозамық қып,
Таң келіншек жанарын тұр ашқалы.
Қалғитын шақ айға да жетті ме анық,
Соңғы нұрын дірілдеп төкті налып.
Үздіге бір қарап ап жер бетіне,
Кеңістікке ақырын кетті маңып.
Боз сәуледен жанарым түзді айырды,
Бозторғайлар оянып үзді-ай үнді.
Таң самалы келді де есі кетіп,
Сүйді дейсің аймалап қыз-қайыңды.
Жыр жаза алмай отыр ем күрсініп тым,
Таңның әсем кейпінен мың сыр ұқтым.
Сезімімнің білтесін жағып кетті,
Жарқылдаған ұшқыны тіршіліктің.
Шың шапаққа мойнына теңге ілдірді,
Аққу ұшып, қимылын көл білдірді.
Келді дағы ару таң дәптеріме,
Жазып кетті өзіндей мөлдір жырды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter