Аңыздар ✍️

  15.08.2022
  142


Автор: Бауыржан Үсенов

ШАҢЫЛАҚ АҢЫЗЫ

Бес қаруы бойына сай батырың,
Құшақтап тұр мойнынан бәйге атының.
Ел басына күн туып жау келеді,
Жау келгенде батырға қайда тыным.
Шыққандай-ақ айдаһар тап-тар іннен,
Қаптап кетті-ау беймезгіл шақта бірден.
Күркірейді “батырлар” дөң үстінде,
Еркек кіндігі ауылдың атқа мінген.
Тағы келді қайғылы өмірге өлең,
Тербелді де ақ байрақ жел үрлеген.
Батыр айтты “ауғанға Хиуаға”,
Кіндік кесіп, кір жуған жерімде өлем.
Қарттар тұрды сақалы желбіреген,
Тұрды арулар жанары мөлдіреген,
Дауыс салды аналар, салмай қайтсін,
Жауға аттанып барады өндір өрен.
Қайғы өтінде тағы да тоңар ма қыр,
Мәйіт кетсе амал не болар “бақұл”.
Мың найзамен қалмақты Шаңылақта
Күтіп алды қаңғылы Боран батыр.
Дүрбелеңі соғыстың орнап тағы,
Шаңылақты жап-жасыл шаң қаптады.
Өкіреді түйреліп көк найзаға,
Хан-Сананың таңдаулы қалмақтары.
Ағып жатты сырылдап қан жырада,
Дем береді қазақтар: “қалжырама”.
Жекпе-жекте бір күнде Боран батыр,
Үш кәлләні байлады қанжығаға.
Мың найзамен бүркіттеп бүрген көпті,
Қалмақ мұндай сойқанды бір көрмепті.
Бұл қай қазақ, қай ру қарбы шыққан,
Қоңтайшыға жеңімпаз, күн келбетті.
Мың найзамен он мыңды кім басынар,
Шашын жұлды ойбайлап мың басылар.
Хабар жетті кешкісін Хан-Санаға,
Сұр аты бар, құрыштай тұлғасы бар.
Боран жайлы өлтірген бес батырды,
Хан-Сананың көздері жасқа тұнды.
“Ұстап ап кел”. Алайда қалың қалмақ,
Қырылумен бұл күні кеш батырды.
Құрту керек, қалайда құрту керек,
Ақ байрақты жүн қылып жырту керек.
Қазақ бірақ кеш түсе жоқ боп кетті,
Ұрыс бітіп, маңайды түн тұр бөлеп.
Үрей буып қалмақтар тыныстады,
Таң атқасын басталды ұрыс тағы.
Қошқарата, Әруақ, қапта-қапта!
Сойқан салды Боранның құрыштары.
Оңай боп па он мыңды түйреп, таптау,
Сиреп қапты-ау, қазақтар сиреп қапты-ау.
Күркірейді ер Боран “Қош-қар-ата-а”,
Қылышынан қан саулап имек саптау.
Төгіп жатты солқылдап жас Мыңбұлақ,
Жылап жатты Боралдай тасты ұрғылап.
Жөңкіледі қалмақтар, жөңкіледі,
Мың қазаққа жатқандай тасқын құлап.
Өліп-талып қазақты қыспаққа алды,
Ал Хан-Сана тың тұрған күшті ақтарды.
Шегінбеді қазақтар, бұл не сұмдық,
Мыңбасылар жағасын ұстап қалды.
Жан жолатпай қасына сұр ат, батыр,
Қолға тірі түсіру жырақта тұр.
Ебін тауып қалмақтар сұр жебемен,
Сұр тұлпарды шыңғыртып құлатты ақыр.
Жан-жағынан лақтырып бұғалықты,
Байлап алды көп адам бір алыпты.
Содан кейін қалмақтар көрмек болды,
Қандай заттан жүрегі құралыпты.
Езулерде жымысқа күлкі тұрды,
Естіп тұрды үн емес, құр күтірді.
Көкірегін талқандап жатса-дағы,
Хан-Сананың бетіне бір түкірді.
Туған ел, бай да болма, жарлы болма,
Бас имеген дәстүрді, заңды қорға.
Боран тұрды құламай тас боп қатып,
Жүрек тұрды бүлкілдеп қанды қолда.
Адамды да осылай соя ма, Алла-ай,
Күңіренді көп қалмақ қарай алмай.
Біреулері қан құсып қашып жатты,
Анау жатқан мың қазақ оянардай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу