Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  189


Автор: Бауыржан Үсенов

ГҮЛ ТУРАЛЫ ШУМАҚТАР

Әдемі гүл үзіледі ертерек,
Соған бәрі жүгіреді ентелеп.
Көбелек те, ара да
Мал атаулы жайылатын далада
Зұлымдықпен шығып жүрген атағы
Жыландар да гүлге оранып жатады.
Саудаға да түсіп жатыр сорлылар,
Қурап қалса күлге тастап қор қылар.
Бар айыбы – болғандығы әдемі,
Нәзіктігі, һәм бояуы, бәдені
Жанбай жатып сөнетұғын бұл ғұмыр
Тереңінен оятады мұңды бір.
Бірақ қолдан келетұғын қайран жоқ
Іштен тынам ақыл-ойым айран боп.
Ей, көбелек,
Қызыл-жасыл қанатыңды бұлдама,
Көбелек қып жүрген сені гүл ғана.
Бар шырынын сорып алып, солдырып,
Кете берер бұлаң қағып, болдырып.
Ұйпалақтап, ауыстырып сан гүлді,
Қонышынан басып жүрсің тағдырды.
Тірлігіңе қызығады бәр-бәрі,
Барлығының гүлге қону арманы.
Бұл ғұмырың, бірақ ұзақ созылмас,
Жұпарға мас ессіз жәндік,
Көзіңді аш,
Сенің гүлсіз ғұмырың жоқ бір де күн.
Сол жағдайды білдің бе сен...
Білмедің...
Көктемеде сезімге мас қыз күлген
Қанша гүлді өз қолыммен үздім мен.
Ойламаппын, бар екен деп бір мәні
О, гүлдер-ай... махаббаттың құрбаны.
Қызыл өрттей жайнайтұғын қыр онда
Қызғалдақтар,
Қыз беліндей бұраңда.
Көбелекше ұшып-қонған күндер-ай...
Жапырылып баудай түскен гүлдер-ай!
Гүл дестенің соры болған көктем-ай
Сол бір шақтың із қалдырмай өткені-ай!
Ойлап тұрсаң,
егіз тағдыр – қыз бен гүл,
Бақ пенен сор
Майшам алып іздеп жүр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу