Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  99


Автор: Бауыржан Үсенов

ЕСІЛ ҚЫЗЫ

Бейнең сенің мен үшін лағыл арман,
Арманға еріп өзіңе тағы барғам.
Тағы да ыңғай бермедің сәл жымиып,
Есіл қызы, жынымды қағып алған.
Қалай тұрар көздерім мұнарланбай,
Сені көрсем естимін бір ән балдай.
Сүйемін деп үздігіп сырымды ашсам,
Үн шығармай қинайсың, кінәм қандай?
Мінезімнің тым өршіл қыры сынды,
Жаратпаймын өзімнің бір ісімді.
Терезеңнен кете алмай жүрем түнде,
Біреу бұзып кетердей тынышыңды.
Қоңыр баққа суық пен сыз боп келіп,
Мезгіл мынау барады күзді өткеріп.
Ашуланып кей-кейде кетіп қалсам,
Ертеңіне тұрасың іздеп келіп.
Жыр арнаймын мен саған жүзікке тең,
Сықылықтап күлесің, қызық па екен.
Байқа, жаным, мінезім тарпаң тектес,
Шалмақ темір болса да үзіп кетем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу