Өлеңдер ✍️
ЦИВИЛИЗАЦИЯ МЕН ТАБИҒАТ
Боздап жатыр дала нар,
Бота қазақ салады ән.
Селолар мен қалалар,
Бой көтерген жаңадан.
Жатқан жерге шаң ұшып,
Тұяғынан тағының.
Бара жатыр жарысып,
Жылдамдатып адымын.
Нөсер жылап жауады,
Жүрген сынды жоқ қарап.
Тазартуға ауаны,
Жел дәрменсіз боп барад.
Даусы шыңмен астасып,
Завод жаман өкірді.
Шырша түгіл тас қашып,
Бара жатқан секілді.
Жыпыр-жыпыр тау түсті,
Шамнан жайнап тұр тіпті.
Мекенінен барысты
Дачалар кеп үркітті.
Тамсанатын жүз қарап,
Аң-құсы қайран бел.
Қырандарды мұзбалақ,
Запы қылды лайнерлер.
Естіледі жер үні,
Ей, адамзат, құлақ түр.
Қуалап жүр бөріні,
Түрен салған трактор.
Су перісі бұрымда,
Әділетке шөлдеді.
Қанша балық қырылды,
У-қалдықтан көлдегі.
Көшелерге қараңдар,
Бақа-шаян жүр қаптап.
Бірақ онда маралдар,
Ойнамайды бұлғақтап.
Жойылған жоқ құлдықты із,
Қан жұғады шалғынға.
Кінәліміз сұмдық біз,
Табиғаттың алдында.
Дабыл, дабыл, дабыл қақ,
Текке өлмесін бір шабақ.
Қызыл кітап қалыңдап,
Бара жатыр жыл санап.
Болса да қор баршылық,
Тірке болсын әр шыбық.
Тағылыққа қарсылық –
Табиғатқа қарсылық.
Құрбандығы арқанның,
Тасырлатып, өткенді.
Ескерткішін тарпаңның,
Қояр мезгіл жетті енді.
Сан мәнерлі қала сап,
Цивилизация деп.
Жасаудамыз қиямет.
Арналмайды емге бұл,
Күйкі тірлік құрсаған.
Бірақ мына сөзге бір,
Құлағыңды түрші, адам!
Жайнаса да бағымыз,
Атса да жарық таң.
Басса жерді тағы мұз,
Мықты емеспіз мамонттан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter