Өлеңдер ✍️
МЕНІ АЛА КЕТІҢДЕРШІ, ТЫРНАЛАР!
Қайда кетіп барасыңдар, тырналар!
Мені ала кетіңдерші бұл елден.
Запы болдым қабақтардан түнерген,
Жара болды қос аяғым шідерден.
Тәуелді боп топастарға шіренген,
О, қашанға бүгежіктеп жүрем мен,
Мені ала кетіңдерші бұл елден.
Мені ала кетіңдерші, тырналар!
Кең даламның сау жері жоқ түреннен.
Қай қырқаның гүлін теріп күлем мен.
Тулақ тай жоқ атам мінген күреңнен...
Қай көкпарға тақым қысып кірем мен...
Келгеніңмен қонатын жер таба алмай,
Көздерің бе кейін қарай үдерген
Мені ала кетіңдерші, тырналар!
Сатқын десін, бұзық десін бұл мені,
Жылағандай бүгін елдің күлгені.
Туған жерге сарымаған ит бар ма?
Қандай төбет өңеш керіп үрмеді.
Жалған, жалған!
Ел дегені іргелі,
Елміз біздер соға берген түрмені.
Тастамастан ала кеткін бұл мені.
Қанатты құс, қанатты құс, қанатты,
Сені Құдай қанатты қып жаратты.
Сол Құдайға сене алмастан отырам,
Жамап жатып ит талаған балақты.
Өз бүркітім топшысынан қайрылып,
Бөтен қарға елді аузына қаратты.
Белден басып намысы мен дабысын
Қара көзден тарам-тарам қан ақты.
Мені ала кетіңдерші, тырналар!
Арабқа ма, түрікке ме бір жерге.
Көкірегіме жара шықты емі жоқ,
Кеуде керіп шығамын деп сұм желге.
Ел мен жердің сорлылығын көргенше,
Дәруіш боп күн кешейін бір жерде.
Тастамаңдар, тастамаңдар тырналар!
Қанатыңның астында көк аспан бар.
Сендерсіңдер көктің кілтін ашқандар,
Тым болмаса,
Шығарып сап биікке,
Қаратаудың көк тасына тастаңдар,
Содан кейін үйір-үйір тырналар,
Сендер де бұл жаққа аяқ баспаңдар...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter