Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.08.2022
136

Шағын алқапта
Саздарына үндердiң
Құлақ түр де,
Қара бiр:
Ерiнiнен гүлдердiң
Шырын сорып ара жүр.
Қанша күн мен түн кешiп
Осы жердi тапқандай, –
Аппақ қайың гүл кешiп
Жүрiп келе жатқандай.
Қуаныштан жанарға
Кетедi ғой жас толып.
Тұрасың ғой
Дем алған
Ауаға да мас болып.
Көтерiлген төбеге
Күннiң нұры қызады.
Кесте төгiп әуеге
Инелiктер ұшады.
Көңiл-шiркiн тасиды-ай
Жарылуға шақ қалып...
Тұрған кезде осылай
Жан-жүрегiң шаттанып, –
Түсiрдi ғой қапаға
Бар әсердi талқандап, –
Қара қоңыз жапаға
Бара жатты тоңқаңдап.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter