Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  239


Автор: Темірхан Медетбек

Шуақ

Мынау тiрлiк азап боп
Бiтпей қойды жарамыз...
Қатып қалды қасат боп
Iшiмдегi қара мұз.
Қабағыма сыз қонып,
Қатал күнге кезiктiм...
Отыр едiм мұз болып
Жып-жылы сөз есiттiм.
Мұздай ойлар сүңгiдей
Кетiп едi шыдатпай.
Сол жылы сөз
Сiңдi кеп
Тұла бойға шуақтай.
Сол бiр сөздiң – қараңыз! –
Жылытқан соң шуағы, –
Iшiмдегi қара мұз
Күтiр-күтiр сынады.
ҚОРАЗ ТАЛАСТЫРУ
Бұл жекпе-жек тоқтамас
Тұрсаң да сен жат көрiп...
Бiрiн бiрi қос қораз
Жiберердей қақ бөлiп.
Мойындары иiлiп,
Құйрықтары бүгiлiп, –
Алған олар түйiлiп,
Кеткендей-ақ түңiлiп...
Қарай алсаң,
Қарап қал! –
Көкке айналып кеткен бе?..
Лап етедi қанаттар
Бiрiн-бiрi тепкенде.
Дүрлiгедi алқа да
Ақыл-ойдан адасып.
Жатқан-сынды
Ортада
Қызыл өрттер таласып.
Көрiнедi жан көзге
Сартылдайды тұмсықтар, –
Кетедi ғой сол кезде
Қос айдардан ыршып қан.
Лапылдайды от құсап!
Майдан қайнап, қызады, –
Қып-қызыл бiр шоқ құсап
Қауырсындар ұшады.
Өш пен кектi ұққызып
Ұмтылады жан жалдап...
Төгiледi қып-қызыл
Тұла бойдан қан саулап.
Ессiз, мәнсiз қыжылдан
Жұрт шулайды қызынған.
Қораздар да қызыл қан,
Қара жер де қызыл қан...
Ұмытып бар өзгенi,
Тұрған мынау анталап, –
Адамдардың көздерi
Бара жатыр қанталап!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу