Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  142


Автор: Темірхан Медетбек

Қоян жылы жазылған өлең

Төгiлiп тұр жыр болып
Сергек қоян, сақ қоян...
Келiп кiрдi жыл болып
аппақ қоян, ақ қоян.
Қызық болса тоя алмай
Қызық қуып кетерсiң...
Келген жылым,
қояндай
аппақ болар ма екенсiң?!
Көрiнбестен ешкiмге
ақ аязда тоңарсың...
Аппақ қардың үстiнде
аппақ өлең боларсың.
Барамын деп жазыма
омбы қарды бұзарсың, –
Жеткiзбестен тазыға
құйын болып ұшарсың.
Астында ұмар-жұмардың
қалармысың бүгiлiп, –
Сорғалаған қыранның
тырнағына iлiнiп...
Жүрген жоқпын аянып
шапқыладым талмай бiр!
Биыл ендi, қояным
боласың сен қандай жыл?
Боласың ба жортақ жыл
көп болатын сөздерi?
боласың ба қорқақ жыл
бақырайған көздерi?
Кешiр, болса асығыс, –
айтсам егер шынымды, –
Қалмаймыз ба осы бiз
таба алмастан жымыңды.
Шығасың ба өрге сен
берекеге айналып?
Кетесiң бе, әлде сен,
қанжығаға байланып..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу