Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.08.2022
122
Көшедегi күзгi ағаштар
Кешегi салтанаттың тастап бәрiн,
мүлгiп тұр Мамырларым, Тастақтарым...
Тiзiлiп тұра қалған ағаштар-ай,
берместен көшелердiң қос қапталын.
Бұлт төнiп қайта-қайта аспаныма,
үнсiз тұр мәуелiсi, асқағы да.
Түтiгiп соққан желден түсе-түсе
селдiреп қалыпты ғой шаштары да.
Тiрлiктiң қалған-сынды ұйып қаны,
Қалғимыз ел секiлдi тұйықтағы.
Қарашы – ауырлықтан ағаштардың
Салбырап түсiп кеткен иықтары.
Аспан да жайлау құсап күйектегi
кешегi күн болып тұр күй еткенi...
Ақырын жел соқса да
тал-теректiң
сықырлап кетедi ғой сүйектерi.
Дым ауа. Бара жатыр тыныс бiтiп.
Тұрасың марғау тағы дыбыс күтiп...
...Қонышы бұж-бұж қара керзi етiктi
ағаштар көшеде тұр жұмыс күтiп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter