Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.08.2022
99
Мен жамылған бұлт
Ойлар қуып қаптаған
асу-белге бардым мен, –
көшiп жүрген
қап-қара
бұлт жамылып алдым мен.
Тұла бойда жарылған
ойдан кенет – зiрк етем...
Сол бiр бұлт жамылған
назағайлы бұлт екен.
Ауық-ауық қояды-ай
Зiкiр салып күркiреп, –
Менi сонсоң
аямай
Кеттi дейсiң сiлкiлеп.
Қуат-күшiн ұққызып
болмай мүлде тоқтамы, –
Найзағайдың қып-қызыл
ойнақ салды оттары.
Бұлтқа сол бiр жұтылған, –
Сорыма, яки бағыма.
Құйын оттар құтырған
Кiрiп жатты қаныма.
Дауыл етiп тұнықты
Кетердеймiн көшiп мен...
Сонан кейiн бұлтты
тастадым ғой шешiп мен.
Әлдеқандай ағын кеп
сол бiр бұлт жүрдi үркiп, –
демiменен ауа үрлеп,
денесiмен су бүркiп...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter