Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  131


Автор: Темірхан Медетбек

Жапан даладағы ой

Кең далам жатыр, боз далам! –
Өткен бiр, өткен заманда
күлдiр-күлдiр кiсiнеп,
маң-маң басып боздаған,
қосылып желге сарнаған –
шүйгiнiн iздеп мөңiреген,
қозысын iздеп маңыраған, –
Кең далам жатыр бүгiнде –
иесiз қалып еңiсi,
киесiз қалып өрiсi.
Күйiнiп кейде қалам-ай,
Өртенiп кейде жанам-ай! –
Көргенде сенi көсiлген
қамыққан жапан Далам-ай,
жабыққан жапан Далам-ай!
Осы бiр заман, заманда
сауалсыз жүрер кез бе екен?! –
Төсiңнен сенiң кең Далам,
төрт түлiгiмнiң иесi –
пiрлерiм неге бездi екен?!
Жетесiне жеткiзiп,
Сүйегiнен өткiзiп
Қайталап айтар сөз бар ма?!
Сол пiрлердiң бәрi де,
қайта оралар кез бар ма?!
Қайтар ма екен сол пiрлер
бiр керемет бастасам:
Алатау мен Арқаның
арасына жiбектен
көген тартып тастасам!
Риза боп iсiме,
Қуатыма, күшiме –
аспандағы бұлттай
ақтылы қойы қаптаған,
кең Даламның төскейiн
береке боп аттаған –
ақ сақалы желбiреп,
көңiлi босап елжiреп,
көтерiлiп белеңге
ақ таяғын оң ұстап
Шопан Атам келер ме?!
Қайтар ма екен сол пiрлер
бiр керемет бастасам:
Сая жердiң бәрiне
мамағаш пен қазықты
қатар қағып тастасам!
Риза боп iсiме,
Қуатыма, күшiме, –
мүйiздерi жылтылдап,
буындары сыртылдап
желiндерi жер сызған,
Әукелерi салпыншақ,
жоны жалпақ, кең құрсақ
сиырларын айдаған
жайып шүйгiн өлеңге,
қосын жегiп аяңдап
Зеңгi Бабам келер ме?!
Қайтар ма екен сол пiрлер
бiр керемет бастасам:
Қаратау мен Алтайдың
арасына арқаннан
желi керiп тастасам!
Риза боп iсiме,
қуатыма, күшiме, –
жал-құйрығы төгiлген,
қолтығы терлеп, сөгiлген,
бұзатындай қамалды
дүбiрлеткен даламды –
қара жердiң үстiмен
келе жатқандай бұлт айдап –
табын-табын жылқы айдап,
ақ боз мiнiп ұрандап,
налыппын деп бекерге –
құрық ұстап құраулап
Қамбар Атам жетер ме?!
Қайтар ма екен сол пiрлер
бiр керемет бастасам:
Маңғыстау мен Ұлытау
арасына қаптаған
Шыңырау қазып тастасам!
Риза боп iсiме,
Қуатыма, күшiме –
Маң-маң басқан, маң басқан.
шудаларын шаң басқан:
көрген адам сүйсiнген;
мойынын қаздай иiрген;
байлық iздеп телегей
жата алмастан орнында
тұрып кеткен төбедей
түйелерiн жолға сап, –
Жетер ме екен сол кезде –
айналасын жел қылып,
қарап мынау заманға,
қара нарын желдiрiп,
Ойсылқара Бабам да!
Ой шiркiн-ай, шiркiн-ай,
алшайып тұрып күлгенде
Қара жерiм қайысқан:
Марқайып басып жүргенде
қара белiм майысқан;
қазандарын пiсiрiп,
күбiлерi пiсiлiп,
қымыздары iшiлiп,
теңдеп жүгiн түсiрiп –
қиялдағы замандай,
қызығына қана алмай
молшылыққа малынып
жатар әлi Далам-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу