Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  69


Автор: Темірхан Медетбек

Астам

Айналаны,
ортаны сезiнбедi.
Құбылысты тұсады сезiмдегi.
Бұл өмiрде,
бұл тiрлiк,
бұл қазақта
өзiм дедi, тек қана өзiм дедi!
Өзi жайлы күн бойы жазатыны.
Түнi бойы тек өзi қазатыны.
Қиырына көз жетпес шалқып жатқан
дария боп көрiндi өз ақылы!
Қарамады ол өзге ойға,
өрт өлеңге.
Қарамады ол өзге жұрт,
өркен елге.
Терең болып көрiндi өз ойлары,
күнi бойы сүңгiдi сол тереңге.
Қарсы даулар қадалды қанжар болып,
соңы кеттi дау болып,
жанжал болып.
Теңiз бенен дария түбiндегi
өз сөздерi көрiндi маржан болып.
Астамдықтан семдi де,
өлдi ақылы.
Астамдықтың зауалын көрдi ақыры, –
тек өзiне сүңгiген сол бiр адам
өзiне-өзi тұншығып өлдi ақыры!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу