Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  105


Автор: Темірхан Медетбек

Магниттi құйын күнi

Бiр әлемет болып тұр –
өлең жасық, бұйығы үн –
үйiрiлiп соғып тұр
магниттi құйыным.
Дiрiлдейдi, тоңады
жүрек байғұс қысылып, –
қара құйын соғады
ап кетердей ұшырып.
Есiн бiр сәт жия алмай
қиналады жанымыз.
Арнасына сия алмай
тасып жатыр қанымыз.
Бойында әлi жалын бар! –
десем-дағы – шаршама!
Басқа құйын, дауылдар
бұл өмiрде қаншама.
Кiм болса да зыр қаққан –
соққан кезде жын қаққан
өсек-дауыл бiр жақтан,
жала-құйын бiр жақтан.
Олар соқса үйiрiп,
қопарылып тiлегiң,
миыңа қан құйылып,
жарылады жүрегiң.
Мынау өмiр қиын ғой!
жаным – жасын, өрт – үнiм.
Магниттi құйын ғой
менiң мынау әр күнiм.
Не iстейсiң? Көнемiз!
Астындамыз ауырдың!
...Арасында келемiз
құйындар мен дауылдың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу