Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  95


Автор: Темірхан Медетбек

Сенi сағынғанда

Жүрмiн қазiр сенсiз мен азар мұнда!
Қызығым жоқ бұл өмiр-базардың да.
Жыласам да,
күлсем де,
отырсам да
тұрасың да қоясың көз алдымда.
Неге бiздi бөлдi екен дара құдай?!
Шыдай алмай өртенiп барамын-ай...
Тұрасың да қоясың көз алдымда
жәудiреген балапан қарағым-ай?
Өлер болдым өзiңе алаңдап-ақ.
Әзер жүрмiн дәл қазiр амалдап-ақ.
Мың-мыңдаған шақырым жерден өзiң
маған қарап тұрасың,
маған қарап.
Жаңғырады әр сөзiң жаңарып кеп,
ойлама сен қашық бұл аралық деп.
Бұлттар мен таулардың ар жағынан
қадалып тек тұрасың, қадалып тек.
Ондай кезде жанымнан ақтарамын,
алай-дүлей бұрқаған от-боранын...
Көз алдымнан жоғалып кетер болсаң
мен өмiрден жоғалам,
жоқ боламын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу