Әңгімелер ✍️
ШЕШІМ
Ол ұзақ уақыт үнсіз отырды, мені осыншама бүлінер деп ойламаса керек. Содан кейін шырпының оты жарқ ете қалды да, сигареттен тағы да қызыл күрең шоқ көрінді.
— Өзіңді-өзің ұстай біл, – дейді атам қатқыл үнмен, – жігіт бола біл! Ол үнсіз отырды да:
— Сен менің орнымда болсаң өзіңнің де осылай істейтініңе сенемін, әйтпесе сен менің немерем болармысың.
«Менің» деген сөзге екпін түсіре айтты.
Мен тынышталғандаймын. Атам менімен иығын тең ұстап отырып сөйлесті. Ал енді сенімен біреу иығын тең ұстап отырып сөйлессе, онда қиқаңдай берудің қажеті жоқ. Өзің де өзіңмен байсалды түрде сөйлесіп отырған адаммен дәрежені тең ұстауың керек.
Мен алғашқы сөзімді қайталадым, бірақ дауыс ырғағымда өзгеріс басым:
— Неге осындай іске бардың? Түсіндірші!
— Сенің папаңның өз туғандарын ешуақытта, түсінесің бе, ешуақытта іздемейтіндігіне кәміл сенемін. Ол мені әкем деп ғана біледі. Сол үшін де мен оған ризамын,
– Дұрыс! – деймін сыбырлап.
– Бұл Сережаның көзқарасымен алып қарағанда дұрыс нәрсе. Сенің көзқарасыңмен де солай. Бірақ мен барлығын да істеуге тиістімін. Барлық мүмкіндікті пайдалануым керек. Бұл менің өз арымның борышы! Соңғы борышы!
— Түн ортасында әңгіме соққан бұлары кім тағы! – деген дауыс естілді., Жарқ ете қалған шамның жарығынан біз селк етіп, көзімізді жұма қойдық.
Үйдің табалдырығында іш киімшең тұрған папам бізге күмәндана қарайтындай.
— Бөлменің іші түтінге толып кетіпті, – дейді ол таңырқап.
— Ештеңе етпейді, – деді сасқалақтаған атам, – сен бара бер, біздің ұйқымыз келмей отыр, екеуміз таңертең ешқайда бармаймыз ғой.
Папам басын шайқады да су ішіп алып, шамды сөндірді.
— Түн ішінде әңгіме-дүкен құратын төңкерісшілер сияқты екенсіңдер, – дейді ол кетіп бара жатып.
Менің күлкім келді. Шындығында төңкерісшілер сияқтымыз. Өзі жайлы әңгімелесіп отырсақ та папам тіпті сезіктенбейді де.
Шындығында! Атам хаттарды боратып, папамның туысқандарын іздестіріп жатқан кезде ол жай біздің ойымызға да келмепті ғой. «Бұл атамызға не болған, неге осыншама өзгеріп кетті» деп жорамал айтып жүре беріппіз.
Мен маңдайымды атамның қолына тигіздім.
— Бұл не істегенің, шалым-ау, – деймін мен, – өзіңді бұлай қинамасайшы! Ол ақырын ғана күліп қойды.
— Эх, Антошка! Осының бәрін байқап жүру саған қызық-ау. Бәрін де білгің келіп тұратының-ай кіп-кішкентай болып!
— Мен кішкентай емеспін, – дедім мен, – кәдімгі адаммын! Сен өзің айтқандай мен есейіп келемін. Сонан кейін, сендер, үлкен адамдар неліктен бізді кішкентай деп санайсыңдар? Егер адамның бойы кішкентай болса, оны кішкентай адам деуге болмайды ғой! Ол да үлкендер сияқты адам! Барлық жайды да ұға алады! Өтірік пе, кәне?
— Шындық! – дейді атам, – шындық болғанда қандай! Бірақ менің не істеуім
керек?
— Сен менен сұрап отырсың ба? – деп таңдандым. – Менсіз-ақ өзің бір
шешімге келіп отырсың ғой.
– Шешкенім рас, – деді де, сигаретін өшірді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter