13.08.2022
  337


Автор: Альберт Лиханов

ОТБАСЫНЫҢ РАХАТ ТІРЛІГІ

Бірде мамам:
– Командировкаға барамын, – деп хабарлады.
Болашақ теңіздің түбін зерттеп көру үшін барады екен. Менің де көңілім шауып кеткен соң:
— Бізді де ала кетші! – дедім.
Атам жол қапшығын іздей жүріп, бар даусымен әндетеді:.
Қаза келсе – қас қағымдық өлімі, Жара болса – жан қинамас жеңілі!
Папам бізге қызыға қарап:
— Рахат сендердікі, мен болсам жалғыз қалып барамын... – деді.
— Несіне қаласың? – дейді атам. – Бірге кетейік. Барлығы бес-ақ күн!
Демалысыңды бір рет сұрасаң қайтеді?!
Әкем қайдағы бір бетондар жайлы, сонаң соң қазір шаруаның қызған кезі екендігін айта бастап еді, біз әрине онымен әр уақтағыдай келісімге келдік. Келіспеген күнде де ол бармаған болар еді, бірақ келесі күні таңертең әкемнің асыға жүгіріп келе жатқанын өз көзіммен көрдім. Анандай жерден айғайлады:
– Барамын! Босатты!
Сөйтіп, біз мамамның «газигінде» келе жатырмыз.
Мамам газды барынша басып, ойпаң жерден орғытып келеді, біздің басымыз машинаның төбесіне соғылған сайын, атам тамағын кенеп қояды, мен де оны қайталаймын. Папам да бізге ілеседі.
– Сендер немене, үйрек сияқты, – дейді мамам, – қырқылдай қалдыңдар?
— Мынау тайгада милицияның жоқтығы қандай өкінішті, – атам күңкілдеді.
— Алақұйын неме! – папам реніш білдірді.
— Машинаның төбесін тесерміз! – Мен айғайлап қоямын. Мамам мәз.
— Сүйкімділерім! – дейді күле қарап. – Қайда келе жатқандарыңды ұмыттыңдар ма? Бұл Сібір ғой! Біздің жолдың өзі де Сібірге тән!

«Газик» ырылдап, өрге қарай тырмысады, еңіске қарай құлдыраңдайды.
Суларды шашып, бұлақтарды тіліп өтеді.
Біз мұхиттың түбінде келе жатырмыз, бірақ бұл жер мұхитқа ешқандай ұқсамайды. Ал мұхиттың түбі жайлы болса болмаса да айтудың қажеті жоқ.
Жол, телеграф бағаналары тізілген жол. Тайга. Құстар ән салады. Бұл жерде таяу уақыттарда құстардың орнында балықтар жүзеді деп елестету мүмкін бе? Олар бұрынғы тайганың үстімен жүзетін болады. Шынымен бұл жерде құстар да болған ба, деп таңданатын болады әлі жұрт.
Білесіз бе, әйтеуір менің көңіл-күйім өзгеріп сала берді. Көңілді күйімді жоғалтып алғандаймын. Мынау тірі орман, көбелектер, өсімдіктер, гүлдер – осының бәрінің жоқ болатынына сену қиын.
Менімше, мен ғана бұлай ойламаған болуым керек...
Атам үнсіз отыр, папам да сөйлемейді, мамам да қалжыңдауын доғарды.
Жүріп келе жатырмыз, орман көңілді. Сауысқандар шықылықтап, машинаның келе жатқандығын барша орман тұрғындарына хабарлап жатқандай. Құстар шырылдап, гүжілдеген аралар мылтықтың оғындай дәл қасымнан зу ете қалды. Әр жан-жануар өз тіршілігімен мәз, олар өздерінің күні ертең қоныс аударулары керектігін білер емес.
Ал жарайды, аралар мен құстар ұшып кетер, айталық кірпілер қайтпекші. Үлгіре алар ма? Сол сияқты құмырсқалар ше?
Мен құмырсқалардың орманды қалай тазалайтынын, оларсыз тайга тіршілігінің жараспайтынын оқыған едім. Бірақ осындай пайдалы жәндік тым кішкентай ғой, қашып үлгіре алмас! Суға қарық болар...
Көңіл-күйім мүлде быт-шыт болды. Мен асудың желкесіне шыққан кезде, әкеме құмырсқалардың жайын айттым.
— Салғастырып көрші, – дейді ол маған. – Құмырсқа және электр қуаты! Бір құмырсқа шидей сабанды ғана көтере алар. Ал біздің ГЭС-ті айтсаңшы! Қуат деп соның қуатын айт.
Әкемнің сөзін тыңдаған сайын мұңға батқандаймын. Әрине! Құмырсқалар электрдің күшімен жарысқа түсе алар ма?
– Сен, – дейді әкем, – құмырсқаларға жаны ашымайды екен деп ойлап қалма.
Бірақ не істеу керек? Осындай құрбандықсыз іс бІтпейді..
– Ал сен құрбандықсыз іс бітір! – Атамның үні естілді!
Мен мойын бұрып қарасам, ол менің ту сыртымда әкеме ренішпен қарап тұр екен.
– Жалпы бұл біздің арамызда болған бірінші әңгіме емес, – дейді ол, – шеге де,
тақтай да, цемент те, – уақ-түйек. Құмырсқа да – түкке тұрғысыз. Тым кеңінен ойлайсың, жолдас технократ.
Папамның жүзі бозарды. Технократ – бұл да бюрократ деген сөз. Техникалық бюрократ деп түсіндірсе де болады. Техникадан басқа ештеңені көрмейтін адамды айтады. Атамның папаммен тағы да жүз шайысып қалғаны маған ұнаған жоқ. Шынында да папам технократ па? Оның жұмысының өзі осындай, әр нәрсеге қолы жете бермейді. Кұмырсқаны айтпағанның өзінде өзінің бетоны жайлы дұрыстап ойлауға да уақыты жоқ.
– Ата, – деймін мен папамды қорғай сөйлеп, – сен дегенмен сонша қызулана бермесеңші!
– «Қызулана бермесеңші!» – атам таңданды. – Жоқ, сендер бұған қараңдаршы! Жаңа ғана құмырсқаларға жаны ашып тұр еді, енді міне басқаша сайрап тұр. Дегенмен де сенің өзің қалай ойлайсың? Қайсысы маңыздырақ? ГЭС-пе, әлде құмырсқалар ма?
– Бұларды теңестіруге бола ма екен? – деймін мен күрсініп алып.
— Міне! Міне! Міне! – деп айқайлайды атам. – Өте дұрыс айтасың. Шынында теңестіруге бола ма? Қайдағы бір түкке тұрғысыз құмырсқаны электростанциясына теңеген деген не сөз! Оларды теңестіруге еш болмайды! Құмырсқа деген – құмырсқа.

Ал ГЭС деген – ГЭС.
Атам үн-түнсіз тұрып қалды. Мен оның мәні болмай тұрғанын сезе қойдым. Жүрегі ауырған кезде жүзі дәл осылай болып оңа қалатын. Мен жүгіріп барып, жол қапшықтан дәріні алдым да, тостаққа аздап тамызып, үстіне су құйып әкеп бердім. Атама әкеліп:
— Сен су сұрадың ғой деймін... – дедім.
— Иә, иә, – дейді ол басын изеп, – рахмет. Біз бір-бірімізді үнсіз ұққандаймыз.
— Қысқасы, Антон, – дейді атам, – сенің папаң ересек адам болса да, оның сөзі теріс.


Папамның жүзі қызара қалды. Бірақ оны атам байқаған жоқ.
— Құмырсқаларды құтқару керек, – дейді ол. – Ересек балалар оны керек

қылғысы келмейді. Отрядыңа ұсыныс жаса, – менің бетіме қарады, – су астында қалатын аймақтағы құмырсқа илеулерінің картасын жасап, оларды жаңа қонысқа көшіру керек.
– Бұл деген донкихоттық шаруа ғой, – деп күңкілдейді әкем. Біз әрі қарай жүріп кеттік.
Тайга бірден жалаңаштанып қалды да, алдымыздан таңқаларлық көрініс шыға келді. Дәл бір өсіп тұрған саңырауқұлақтар сияқты ағаштардың түбірлері қарауытады. Оң жағымызда, сол жағымызда, алдымызда, артымызда... жап-жалаңаш. Жаңадан кесілген ағаш түбірлері бір көз салып өткен кезде көптеген тәрелкелерді далаға қоя салған сияқты көрінеді екен.
– Мынау теңіз түбі болуға даяр тұрған жер, – дейді мамам.
— Теңіздің құмдауыт түбі, ылайлы түбі болушы еді, – дейді атам, – мынау ағаш түбіріне тола теңіз түбі болады.
Алдымыздан, көкжиектің арғы жағынан түтін будақтады. Бірте-бірте шапшыған жалын көзге шалынды. Өрт болып жатқан сияқты. Меи шыдамсыздана үңілемін. Ал мамам болса машинаның газын баса түседі.
Бірақ бұл өрт емес, әдейі жаққан көптеген оттар болып шықты. Ағаштың бұтақтары жанып жатыр, ал түтін шымылдығының арғы жағында тракторлардың гүрілі, моторлы аралардың ыжылы – тіршілік белгісі естіледі.
Түтін шымылдығының арғы жағындағыны нағыз майдан десе болады. Бастарына темір қалпақ киген адамдар бір ағаштан екіншісіне барады. Барған бетте аралар ыжылдап, ағаш ұзынынан сұлайды. Бұтақтары шабылып отқа жағылады да, ағаштардың өзін арнаулы тракторларға тіркеп, жол бойына шығарады. Көз алдымызда бүкіл орман түбірлерін ғана қалдырып, адамдардан шегініп бара жатты.
Біз «газиктен» шығып, адамдардың тайгамен қалай күрескендерінің, оны оп- оңай қалай жеңіп жатқанының куәсі болдық.
Біздің қасымызға темір қалпақ киген адам келді.
– Аудандық комитеттен емессіңдер ме? – деп сұрайды бізден. – Тоса-тоса шаршадық. Адамдар жетіспейді.
Ол кісі маған бір қарап қойып:
— Бізге мұндай жігіттер де қажет болар еді! Жүзі болса! Екі жүзі де артық болмас еді. Бұтақтарды тасып от жағулары керек! Көңілді жұмыс! – дейді. Атамның басы салбырап кетіпті. Оның алдында трактор жаныштап кеткен құмырсқаның илеуі жатты. Үстінен өте шықса керек. Құмырсқалар жанталаса, абыр-сабыр қимылдап кішкентай шөпшектерді жинастырып, мекендерін жөндеуге кіріскен.
Атам басын көтерді де, темір қалпақ киген адамға сауал қойды:
– Құмырсқалардың илеулері көп пе?
– Жетіп жатыр! – дейді ол күліп. – Қанша дегенмен тайга емес пе!
– Оларды не істеп жатырсыңдар?
– Кімдерді? – Жігіт сауалды түсінбей қалды. – Көмекшілерді айтасыз ба? Солар жетпей жатыр ғой!
— Жоқ, – дейді атам. – Құмырсқа илеулерін деймін?
— Қалай? – Жігіт таңырқады. – Оларға не істеуші едік?! Құмырсқаны ойлардай жағдай қайда? Біздің ағаштарды кесуіміз қажет.
Ол кетіп қалды. Ағаштар бірінен кейін бірі сұлап түсіп жатыр. Тракторлар гүрілдейді. Жалын алауы аспанға атады.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу