Әңгімелер ✍️
АТАМНЫҢ ТАҚПАҒЫ
Атамның қоймасы қар астынан әрең-әрең көрінеді. Шатырына ғажайып қызық саңырауқұлақ өскендей: темір құбырдан жасалған мұржаның басындағы жел қағар
«қалпағына» қар тұрып қалыпты. Папам мені шатырға шығаруы мұң екен мен жаңағы саңырауқұлақтың түбіне барып, дәл бір үй перісі сияқты дауыстай жөнелдім:
– Э-го!
– Го-го! – атам да дауыстап қоя берді.
– Тірісің бе? – бар дауысыммен айқайға бастым. Атамның үні анық естілмейді.
– Пештің аузына келіп айғайласын, – тумысынан сібірлік мамам осылай деп кеңес берді.
Мөлшері атам пештің аузының қақпағын ашып жіберіп, дәл бір микрофонға сөйлегендей жуан даусымен гүрілдесе керек, үні айқын естілді.
– Естіп тұрсың ба? – дейді ол. – Біраз басып салды-ау деймін, ә?
– Жетерліктей! – деп жауап бердім.
Төменде мамам мен папам бір-біріне қол сермесіп, әлденені айтып әуре. Мамамның дегеніне әкем көніп қалса керек, оны да үйдің шатырына шығара бастады.
Оның аяғы тайғанақтап төмендегі оппа қарға құлап түссе де, мен атаммен әңгіме жүргізіп жатқан шақта алған бетінен қайтпай аса бір табандылықпен еңбектеп отырып, мұржа құбырының қасына жетті.
– Сәл шыдай тұр, – дедім мен атама. – Қазір өзіңмен дұрыстап сөйлесе жатар Мамам құбырдың төбесіне жиналған көп қарды ысырып тастады да, айырылып
қалмайын дегендей оны қос қолымен қапсыра құшақтап тұрып, кеудесін кере тыныстап сөзге даярланды. Үлкен бір маңызды мәселе шешкелі тұрғандай жүзінен толқығандық байқалады. Сөйлеуге ұзақ даярланғанымен не айтарын білмей тұрғандай. Ол тартылған сымдай ширығып тұрған жүйкесін босатып, ауыр тыныстап, сәл тұрды да бірден айқайлай сөйледі.
— Папа! – үні үрейлі естілді. – Қалай болғаны сонда? Мынау сұмдық қой!
Мен үзілді-кесілді қарсымын! Бұған жол бере алмаспын!
Ойда жоқта ол өзіне деген сенімін жоғалтып алғандай темір құбырды қыса құшақтады, сол кезде жанарынан жас мөлтілдеді.
– Үсініп өлдің ғой, апыр-ау! – ол сібірлік мақаммен сөйледі. Сол кезде мұржа құбыры да күмбірлеп қоя берсін:
– Оляжан, – деді мұржа құбырынан атамның даусы.
– Оляжан, көгершінім,
Кім біліпті бұлайша қардың төгетінін.
Атамның тақпақтай жөнелгеніне мен қарқылдай күліп жібердім. Мамам жас шылаған жанарын сүртіп, есіктің алдын қазып жолды ашқанша атамның шыдай тұруының қажеттігін хабарландырды.
Қойманың есігіне дейін жолды аршығанша біраз жердің қарын күреуге тура келді. Әрі-беріде-ақ бусанып шыға келдік, мамамның беті бал-бұл жанса, әкем миығынан күліп қойып:
Оляжан! Көгершінім!
Кім біліпті бұлайша Қардың төгетінін! –
деп әндетеді.
Папам екеуміз алды-артына қарамай қарды көңілдене лақтырумен жүрдік. Бір кезде әлдекімнің ту сыртымда тұрғанын сезіндім.
Мойын бұрып қарасам таңғы шапаққа малынып тұрған өзіме таныс тұлғаға көзім сүрінді. Күрегімді жерге тастай беріппін. Жаңағы тұлға жасқана басып, маған жақындады...
Газ Баллоны қос танауын шуылдата тартқанымен үн қатқан жоқ.
– Ал? – деп сұрадым таңырқағанымды жасыра алмай. Ары қарайғы сауалдарымды өзіме қойғандай іштей қайталадым. «Оны қандай сайтан айдап келді? Әлде бірдеңе болып қалды ма екен?»
– Бұл өзі, – деп күбірледі Кирилл, – ол кісі... Мен иығымды қомдадым.
– Мен көмектессем қайтеді? – Бұл шешімін тұрып-тұрып бір кезде әрең айтты.
Қайда болсын Кириллдің, қай жерде болсын Газ Баллонының жүргені. Міне тағы да тұмсығын тыға қалыпты... Оны түре қуғым келіп еді, бірақ арым жібермеді. Ондай мінез, ондай ойлар өзім генерал болып жүрген кезде ғана келетін еді ғой... Кирилді қорс-қорс деп атап, жұрттың барлығына бұйрық беруді ұнататын мінезімді айтамын...
– Мейлің, – дедім мен, – қызғанатын шаруа емес... Лақтыра бер.
Кирилдің үлкен қуанышпен менің күрегімді бас салып, қарды қалай лақтыра бастағанына бір түрлі аяй қарап тұрдым. Оған жаным ашып кетті, бірақ дәл өткен жолғыдай емес еді... Ана жолғы деп отырғаным өзімнің генерал киімін киіп балконға шыққан кезімді айтамын. Сол кезде менің оған шындап отырып-ақ, ешқандай себеп-салдары болмаса да жаным ашыған еді...
Біз үн-түнсіз қарды лақтыра бердік. Тек сәл тыныстау үшін ғана тоқтаймыз.
Онда да тіл қатыспаймыз. Жұмысқа тағы кірісеміз. Бір кезде Кирилл бойын тіктеді.
– Мен ол кезде нағыз шикі ақымақ екенмін! – Ол ешқандай кіріспе сөзсіз-ақ айтар ойын ортаға тастай берді.
Құлақшыным басымнан сыпырылардай көзімді жауып кетіпті. Мен оны кейін қарай ысырдым. Кирилл маған ерекше бір ойлы да бейғам жанармен қарап тұр екен. Мұның өзі мен білетін Кирилге ұқсамайтын сияқты. Мүлде басқа адам. Мен басымды шайқадым.
– Нағыз ақымақ – менмін.
Ол ауыр тыныстады. Сөйтті де:
– Сен дағы, – деп келісе кетті.
Біз жай ғана жымиысып аз тұрдық та қарды лақтыруға тағы кірісіп кеттік. Әлде қандай бір алапат күш бойымды кернеп кеткендей. Құлаштай сермеп, лақтыра бердім, лақтыра бердім, сонан кейін белгісіз бір қуаныш тұла бойымды толқын атқандай. Атамның айтқан тақпағын іштей қайталап жүріп, басымды шайқап қоямын: міне, бір Пушкин мұннан шықты!
Оляжан! Көгершінім!
Кім біліпті бұлайша Қардың төгетінін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter