Әңгімелер ✍️
КЕЗДЕСУ
Шамды сөндіріп, енді ұйықтағалы жатқанда атам:
— Бүгін сендердің сыныптарыңда оқитын бір азамат менің кім екенімді сұрады, – деді. – «Сіз генералсыз ба?» дейді. Ол менің кім екендігімді білгісі келгеніне қарағанда менің атымды сен бет перде етіп жүрмеген шығарсың деп ойладым. Дұрыс емес пе?! Әйтпесе біреудің арқасында күн көру деген қнын емес. Ондайлардың болатындығын талай рет көргенмін. Басқаның даңқын пайдалануға қиналмайды ондайлар. – Атам есінеп алды да, ұйқылы дауыспен әңгімесін түйіндеді: – Мен генералдығымнан бас тарттым. «Жай ғана пенсионермін» дедім. Қалай ойлайсың, соным дұрыс болды-ау деймін?
Бүкіл денем құрысып қалды. Міне, мәселе қайда жатыр. Ернім дірілдеп, әрең тіл қаттым:
— Дұрыс ћой.
Басқадай дейтін шарам қайсы? Өзімді отқа тастағандай болдым. Көрдіңіз бе, мәселенің қайда апара жатқанын? Мен атамның атағын бет жүздік етіп, соның даңқын пайдаланғаным өтірік пе?
Не болғанда да ертең мектепке бармаймын деп шештім. Бірақ, таңертеңгілік ол ойымнан айнуға тура келді. Балалар қорыққаннан келмеді деп ойлар. Бірақ мектепке баруға жүрек дауаламайды. Ілгері басқан аяғым кейін кетіп, әрбір шыққан дыбысқа селк ете қаламын.
Өзіміздің сыныпқа жақындағандағы естілген у-шуды айтып сұрамаңыз.
Альканың даусын анық естіп қалдым.
— Ал мундирді қайда қоясыңдар, базардан сатып алды дейсіңдер ме?
Шуылдаған дауыстарды бір-бірінен айырып болар емес. Табалдырықты аттауым мұң екен, бәрі жым бола қалысты. Әрқайсысы өз ісімен отырғандай, біреулері кітаптарын реттесе, біреулері дәптерлерін қолына алған болды, енді біреулері өзара әңгімелесе қалғандай. Біреуі де байқамағандай, аяқтарының ұшымен келіп сәлемдесетін жалаңтөстер назар салмайды, жылы жымиып тұратын қыздар қырын қарасады. Жалғыз Газ Баллоны ғана мені жанарының жасынымен атқылаған қалпы үлкен жаңалықты хабарлады:
— Тыңда! Председатель! Егоровпен кездескен едім. Саған даярлансын дейді. Жексенбіліктен қашып кеткенің үшін талқылауға салмақ. Галяға кеше суық тиіп, науқастанып қалыпты. Оңалған бетте жиналыс ашпақшы.
Тамағыма тас тығылғандай. Екі шекем тағы да балғамен ұрғандай солқылдай жөнелсін. Баллонға мойын бұрдым да басынан бастап аяғына дейін өшпенді жанармен тінтіп шықтым:
«Кімге бұйрық беріп тұрсың! Мені әлі орнымнан алып тастамаған сияқты еді ғой?»
Пухов қорсылдаған жаман күлкісіне көмілді. Бір кезде барып былай деді:
— Бастыққа ұсынатын да өзім, орныңнан ұшыратын да өзім.
Бәрі ду күлді. Жұдырығым түйілгенмен, басым салбырап, у ішкендей сілейдім де қалдым. Жауап беруге шамам жоқ. Көзіме жас тығылды. «ІІІыдап бақ! – деп бұйырдым өзіме. – Масқара болғаның жетер!» Мен бүкіл сынып туралы, осынау опасыз достарым туралы ойладым. «Сатқындар, өңшең! Сөйте тұра, аяқтарыңның ұшымен келіп сәлемдесіп жүрсіңдер-ау». Мұғалімге арналған үстелдің үстіне секіріп шығып, атамның генерал екендігін үш мәрте қайталап айқайлағым келіп еді, бірақ көңілім дауаламады. Тісімді шықырлатқаныммен Кириллдің мірдің оғындай сөзіне жауап бергенім жоқ...
Жалғыз қалдым. Жападан жалғыз. Алька анандай жерден ғана қараумен шектеледі, Кешкамен ренжісіп тынғанмен, басқа жұртты қойшы, олар мені осындай қиын-қыстауда сатып кетті.
Қараңызшы, мына қызықты! Мен достарымды жоғалта бастасам, атам жаңа достар таба бастапты. Иннокентий Евлампиевичті, Кешканың атасын тауып .алыпты.
Көрдіңіз бе, адам айтса нанғысыз қандай-қандай тарихтар болады! Болады екен.
Факт. Өз көзіммен көрген дүние.
Біздің ақсақал Кешканың атасымен жексенбілікте танысыпты. Әрине, егер олардың ұшырасуын «танысыпты» деп айта алсақ. Иннокентий Евлампиевич құрылыста қоймашы болып істейтін, шылым шегіп бір отыра қалған кезде әңгімелесе келе екеуінің де Бірінші Украин майданында бірге ұрысқандарын біліседі.
Содан бері күн сайын болмаса да жиі-жиі екеуі ас үйге кіріп алады да, көк түтінге көміліп кеп отырғандары, дәл бір маған егесіп, көрдің бе, сен Кешканы кеміткің келіп еді, енді міне генерал мен сержант тізе түйістіріп қатар отырмыз деп қыр көрсеткендей.
Атамның қасынан аяғымның ұшынан басып өттім де кітабымның бетін ашып отыра қалдым, бірақ ештеңені көріп отырғаным жоқ. Иннокентий Евлампиевич Кеша екеуміздің ренжісіп қалғанымызды біле ме екен, бұл дүние не болып барады өзі. Қалай тіршілік ету керек?
Кешка атасының аузынан түсе қалғандай, түрі керемет ұқсайды. Сүйектері кесек, бастары төртбұрыштау сияқты ерекше көрінетін. Қарт Иннокентийдің немересінен айырмашылығы ауыздың айналасындағылары, темекінің түтінінен құла жирен, одан әріректегілері ақ бурыл тартқан күректей сақалы мен кісіге қулана қарайтын көзінде ғана. Біртүрлі астармен күле қарайтын сияқты. Иннокентий Евлампиевичтің менің атамнан біраз үлкендігі бар екен, жетпісті баяғыда-ақ ығыстырып тастапты, бірақ жұмыс істемей үйде қалса бірден ауырып қалады екен. Оның түсіндіруі бойынша қоймашы болып істеп жүрген себебі де сол бір денсаулығының қамы көрінеді.
«Быды-быды-быды». – Қабырғаның арғы жағындағы дауыстар осылай естіледі. Қариялар әлденені естеріне түсіргендей біраз уакыт тым-тырыс бола қалды да, бір кезде екеуі де бірден күлісіп алды. Сонан соң тағы да ұзын-сонар әңгіменің тығыны ағытылды дейсіз – «быды-быды-быды». Біздің қария бұрынғыдай үнемі самса пісіріп, еден жуғанын бірте-бірте сиректете бастаған-ды, оған мамам жас балаша мәз болып, папама: «Мен саған атамыздың жаңа мекеннің жағдайына үйрене бастағанын айтпадым ба!» – дегенін қайталай беретін болды.
Мен болсам ондай қуанғанды да, ренжігенді де қойғанмын, атамның тіршілік- тынысына назар аудармайтын болдым, өйтпегенде қайтейін, өз уайымым өзіме жетіп жатса.
Бірақ бір жолы кісіні естен тандырардай оқиға болды.
Атамның Иннокентий Евлампиевичпен тағы бір кездескен сәтінде болған оқиға.
– Иә-иә, таңырқамасаңыздар да болады, олар баяғыдан-ақ таныс болғандықтан бір-бірімен көптен араласып тұратын. Шынын айтқанда, екеуі үнемі біздің ас үйде отырар еді. Кейінгі бір жолы екеуі мен сабақ әзірлейтін бөлмеге келді де, атам бір жерге телефон соға бастады. Біздің қария телефон нөмерін теріп жатқанда Кешканың атасы жан-жағына барлай қарап тұрған. Сөйтті де ол атамның қабырғада ілулі тұрған суретіне аз уақыт жанар сүріндіріп алды да, барлығыңқы даусымен мені селк еткізді.
— Мынау хым? – Ол сөйтті де атам бір жаққа қашып кететіндей оның жеңіне жармаса түсті. – Хым деймін? Хым?
– Әй, Евлампиевич-ай, – деді атам кеңк-кеңк күліп, – сенің осынша мылтық даусынан шошынған торғайдай су жүрек екеніңді кім білген. Ол – мен ғой, ал өзіңе не болды?
— Мынау хиях мұрттыны айтамын? – деді Иннокентий қарт өз құлағына өзі сенбегендей таңырқап.
Түк ұқсам бұйырмасын. Ал жарайды суретті көрген екен, үйді басына көтерердей не болыпты сонша?
— Ой-хой, дүние-ай! – бурыл сақал Иннокентий Евлампиевич мұңая сөйледі. – Қалжы-бұлжыға жарамас қария болды деген осы, көз көруден қалған! Ой-хой, дүние- ай!
Атам сасқанынан телефонның трубкасын орнына қондырды.
— Неңді айтып кеттің, дұрыстап түсіндірші, былай!
Евлампиевич сәл тынышталғандай болып, жанарын атама тіктеді.
— Петрович-ау, мен сені баяғыдан бері білемін ғой, – ол рақаттана күліп қойды. – Днепрден қырғын салып өткен кездегі әскери шенің қандай еді? Полковник емес пе едің?
— Полковник болғанмын, – деп жауап берді атам. – Онда тұрған не бар екен?
— Сонда, сонда тұр ғой мәселе! Дәл сол жерде сен мені айыпты санап, жаптырғансың.
Менің сабақ қарағанымды доғарғалы біраз болып еді, дәл осы жерге келгенде қаламымды дәптерге түсіріп алдым. Атам иығын қомдады.
— Бір тұтқын немістің тұмсығын бұзғанмын, – деді Кешканың атасы аптыға сөйлеп. – Бір тобын айдап келе жатқанмын ғой, жыным түсіп жаңағы немені қонжитайын. Сол кезде мынау қияқ мұртты полковниктің көзі түсе қалмасы бар ма?! Сені айтамын. «Бұл қалай?» деген сияқты әңгіме басталды. Мен сіресіп тұрмын. Қорыққан кезде солдаттардың жағдайы белгілі. Сен ғой, сол үшін үш тәулікті арқалата салдың.
Мәс-саған, керек болса, демек менің атам Кешканың атасын үш тәулікке жаптыра салған болып шықты ғой.
– Ой-хой, дүние-ай, – Иннокентий Евлампиевич тағы да басын шайқады. – Танымадым, ә, әй, қарттық-ай! Қалай өзгергенсің!
— Тоқтай тұр, – дейді атам, – бірдеңе бұлдыр-салдыр есімде бар сияқты. Бірақ, сол шынымен... – Сұқ саусағын досына бағыттады да сәл мүдірді. – Сол сен бе едің?
Ақ бурыл Евлампиевич атама жақындап келді де оның қолын өз алақанына жатқызды.
— Ой-хой, дүние! – деді бір сөзін пәленінші рет қайталап. – Адам бәрін де ұмытады екен ғой. Егер мынау сурет болмаса неше күн бірге жүрсек те білісер емеспіз.
— Фрицті не үшін ұрып жүрсіз? – дедім мен бір бүйірден. Кешканың атасы қолымен көзін сүртті де бетіме қарап, жауап берді:
— Жолдас немісінің қоректік нанын тартып алған соң...
Тағы да төсекке жатып алып, екеуміз де ұйқы шақыра алмай әлекпіз.
Атам күрсініп қояды, мен оның әр дыбысын қалт жібермей тыңдап жатырмын.
— Дәрі тамызып әкелейін бе? – деп сұрадым.
— Еһе! – деді де ол ішіндегі ойын сыртқа шығарды. – Мен қалай ғана Иннокентийді сөйттім екен, а? Ақ-қарасына жетпей тұрып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter