12.08.2022
  127


Автор: Альберт Лиханов

ЖЕҢІЛДІКТЕР

Бүкіл сынып өзгеріп сала берді.
Әр сабақтың алдында барлық ұлдар аяқтарының ұшымен басып келіп менімен сәлемдеседі – мұның өзі адамды қастер тұтудың ең жоғарғы көрінісі еді, ал қыздар болса үзіліс кезінде болсын немесе сабақ уақытында болсын жанарыңды бетіне қадасаң болғаны, кез келген секундта жымия салуға даяр.
Әу баста бір жеріме әлде шөгір қадалып тұрғандай өзімді соншалықты ыңғайсыз сезініп жүрдім. Бірте-бірте шөгірім денеме шөгіп кеткендей, тіпті жоғары сынып оқушыларының да менімен аяғының ұшынан басып келіп сәлемдесетініне, мұғалімдеріміздің де мектепке қатысы жоқ басқа бір мәселе жөнінде бірдеңе сұрайтын сияқты маған ерекше мәнді көзбен қарайтынына, бірақ бата алмай кететіндеріне етім үйрене бастады.
Жалпы менің тіршілігімнің түтінінің түзеле бастағанын сезіп жүрмін. Жолым жеңілдей бастаған сияқты. Екілік дейтіндер, әрине, қазір де біржола құрып кете қойған жоқ. Бірақ бұрынғыдай емес. Мұғалімдер олардың бірлі-жарымын қойғанда біраз ақыл айтып барып әрең қояды. Антон-ау, саған не болған, бұған қалай жол бересің? Дарынсыз бала болсаң бір сәрі, екілікті айтпағанда үштік алмай да оқуға шамаң жетіп тұр, аз да болса өзіңді қолға алсаң қайтер, деген сияқты сөздер баяғы.
Мұндай құшақ-құшақ ақылдарды тыңдай берген қайбір жақсы дейсіз, бірақ мен шыдап бақтым, математика пәнінің мұғалімі айтқандай, сабаққа деген құлқымнан да айырыла бастағандаймын. Тіпті, мұғалімдер бұрынғыдай, немесе басқаларынан қазір де талап ететіндей бүтін бір лекцияларын оқып болған соң, «күнделігіңді әкел» – деп қатаң түрде сұрайтындарын қойғандарын да сезіп жүрмін. Тіпті кейде нүктесі түсіп, екісі ойда қалады дегендей ондай бағаны журналға қоймай-ақ орнына жай ғана нүкте қоя салады. Және де мұғалімдер менен әлде нені күтіп жүрген сияқты. Ол тәжірибеден анықталды: менің уәдемді күтеді екен ғой. Көп ақталып жатудың қажеті жоқ. Қарапайым ғана үнмен: «Кешіріңіз, міндетті түрде, келесі сабаққа даярланамын», – десең жеткені, бойлары жеңілдеп салғандай кең тыныс алады, мен болсам мұндай ыңғайсыздықтан оп-оңай құтылып кете беремін.
Жеңілдіктердің түрлері көп-ақ. Мысалы, директорымыз Максим Сергеевич қазір мені назарынан тыс қалдырған емес, мен тәжім етіп, сәлем беріп тұрғанда соншама кішіпейілділікпен ол да ізет көрсетеді. Дене шынықтырудан беретін жирен мұғалім бөрене ағашынан тоңқалаң асып жатсам да орынсыз тиісіп, масқараламайтын болды, ал оқу ісінің меңгерушісі үзіліс кезінде дәлізді дүңкілдетіп көшірердей болып жүгіріп өтсем де тоқтатқан немесе ақырын жүруімді талап еткен емес. Себеп-сылтаусыз сабақтан шығып кете алатындығымды да сезініп жүрдім. Алайда, ондай алаңғасарлыққа бара қойғам жоқ. Ол дегенің шектен асқандық болар еді. Оның үстіне біздің поселкадай жерде күндіз жападан жалғыз қайда бара қоясың?
Қысқасы өмірім осындай кіші-гірім жеңілдіктермен көркейе түскендей, бәрі де ойдағыдай өтіп жатты, менің де оған бойым тез үйреніп алғандай, тек Кешка мен Алька болмаса. Бүкіл мектеп бойынша осы екеуі ғана бұрынғы қалыптарынан өзгермей қалды. Кешка аяғының ұшынан басқанды үйренген жоқ, бұрынғысындай: «Сәлем бердік» деп, дүңк ете қалса, Алька да жұрт сияқты әр секунд сайын күле бермейді. Керісінше бір-бірімен келісіп қойғандай маған сенімсіздікпен қарай ма, қалай? Өзгеше бір сенімсіздік.
Мен болсам олардың бұл қылықтарын ұға алмай далмын.
Оларды қандай қара шыбынның шағып кеткенін кім білсін? Өйткені, менің де өзгере қалған ештеңем жоқ кой.
Бірде маған: шыныменен осылардікі қызғаныш па екен деген де жаман ой келген болатын. Сол сәтте-ақ жаман ойды аластадым. Ондайдың болуы мүмкін емес еді. Кешка мен Алька өздеріне беймәлім бірдеңені қызғанатындай адамдар емес қой. Менің атамның генерал болғанын қызғана ма? Бұл ақымақтық болар еді. Өйткені, оның генерал болғанына менің түк қатысым жоқ кой.
Жаман ойды аластадым-ау, бірақ сол пікірге қайта тоқтауға тура келді.
Бірде дәлізбен өтіп бара жатқам. Кешка мен Алька жылу батареясының жанында тұрған. Жандарынан өтіп бара жатқанда, Кешканың сөзін естіп қалдым. Көңілге келер сөз, Кешка да біртүрлі ренішпен, кекесінді үнмен айтты.
Ол былай деді:
– Мұның да жолақты шалбары жоқ дегенің болмаса құйып қойған генерал сияқты!
«Генерал» деген сөзге ерекше екпін түсіріп, бас әріппеп айтқандай нығыздай сөйледі.
Сөзіне сүрінгендей болдым.
Өз құлағыма, Кешкаға, менің досым Кешканың дәл осындай опасыздыққа барғанына сенбегендей ту сыртыма мойын бұрдым.
Қарадым да құлағыммен естігеннің растығын түйсіндім және оның маған емес әйнектің арғы жағындағы иен далаға қарап тұрғандай «иен қалған» жанарына көзім түсті.
Кешка өңменімнен өткізіп жібергендей жақтырмай қарағанда мен жердін тесігіне кіріп кетердей халде тұрдым. Алька әлде неге күлді.
Түсінікті жәйт – ол Кешканың сөзіне және маған тағылған жаңа айдарға күлген
еді.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу