12.08.2022
  225


Автор: Альберт Лиханов

РУЛЬГЕ МАМАМ ОТЫРДЫ

Мамам рульде отыр, жылдамдық ауыстыратын тегершікті жиі-жиі ұстап қойып, өз уайымын айтады:
— Құдайым-ай, бұл өзі қандай іс болды сонда? Ұят-ақ болды-ау! Қанша тоссақ да ретсіз уақытқа тап келгенін айтсаңшы. Тым болмаса түшпара орап қойсамшы!
Мамама қарап отырғанның өзі бір ғанибет: басында сәнді берет, әдемі мойын орағыш, ерні боялған, ал рульді ұстағанына қарап-ақ нағыз айтулы шофер деуге болады. Аэропортқа апаратын даланың жолы ойлы-шұңқырлы лай суға толы шұқанақтар мол болатын. Мамамның «газигі» өрге келгенде ышқына ыңыранып, ойлы- шұқырлы жерлерге келгенде папам екеумізді сеңдей соғылыстырады, бірақ бізде үн жоқ – мамамның құзырына толық мойынсұнғандаймыз. Ауа райы да бізге қас қылғандай бұзылып алды, маңдай алды әйнекке сорғалаған жаңбыр суын сүрткі тетік тазалап үлгірместей, жол да, ағаштар да дұрыс көрінбейді, бірақ мамам төпеп келеді. Әй, шіркін, мамамды қойсайшы!
— Көрдің бе, Жолы Болмаған Қаңғыбас, – дейді ол папама қарап, – жолдарыңның сиқын! Егер біреу-міреу ауырып қалса мынандай күндері вертолет те шақыра алмайсыңдар ғой? Қайтіп жеткізбексіңдер? Өңшең маубастар!
Папам мамамның сынына тіс жарып, үн қатпайды. Оның жанары жаңбыр суы толған жолдан, лай батпақтан басқа ештеңе көріне қоймайтыи алдыңғы жаққа тіктелген, аудармайды.
— Мүмкін аэропорт қабылдай қоймас! – Сонан соң ол мамама сұрау қойды: – Онда не істейміз? Үйге кайтамыз ба?
— Қайтамыз деймісің? – деп күйіп-піседі мамам. – Сонша уақыт тосумен болдық, құлыперен болып келе жатқанымыз мынау – енді келіп, үйге қайтсақ-ау.

Тосамыз!
Тосу қажет! Аэропортта тосуымызға тура келді. Өйткені самолеттер метеорлогиялық жағдайға байланысты кешігіп жатқан керінеді.
Папам самолеттердің келуі жөнінде мәлімет беретін терезеден шегінген соң иығын қомдап қойды. Жүзінен көңілсіздік байқалады.
— Мынау қарбаласта анық-қанығын жөндеп сұрамаппын, – дейді ол. Маған оны әскери ұшқыштардың әкеліп салатынын ғана айтқан еді. Тапжылмай отырып, тосуымыз қажет. Бірақ қалай тоса аларсың?
Жіті қимылдап, орнынан тұрған мамам тысқа шықты да ізінше қайта көрінді.
— Көрдіңдер ме? – дейді ол барлық самолеттер қаздай тізіліп тұрғанда біздің самолет қонуға бет алып келеді. Әскери транспорт самолеті.
Біз тысқа қарай жүгірдік. Бұлқына соққан жүрегім атша тулайды. Өз атаңды тұңғыш рет көргелі тұрғанда осылай болмағанда қалай болсын! Анығырақ айтқанда, көрсем де көрмегенмен бірдей адам келе жатыр ғой. Міне, қазір ол өзінің транспорт самолетінің есігінен кеудесі ордендерге толы генерал формасын киіп, жарқ-жұрқ етіп шыға келер, сол кезде жұрттың бәрі бізге қарайды дейсің.
Айналама жалтақтай қарап тұрмын. Аэропортта айналар жер жоқ, ығы-жығы толған адам мен шашылған жүктер. Осылардың арасымен атамды көрген бетте жүгіруге тура келер. Найларын тістеген қысық көзді эвенкилер ме-ау, салпыншақтары мол жол етіктерін киген геологтар ма-ау, армиядан кейін біздің құрылысқа жұмыс істеуге келген, жол қапшықтарын арқалаған пагондары жоқ солдаттар ма-ау, әйтеуір толып кетіпті.
Біз шалшық суды шалпылдата басып, көптен күткен адамды жеткізген ғажайып әскери самолетке қарай жүгіріп келеміз, мен оның ашық тұрған есігіне шыдамсыздана үңіліп, дәл қазір, бірер секундтан кейін көрінер атамды тағатсыздана тосамын.
Мамам мен папамнан озған бойы қалтылдақ баспалдақпен төмен қарай түсіп келе жатқан ұшқыш шлемін киген біреуді бетке алып келе жатқанымда қасымнан сұр пальто мен мыжырайған кепка киген әлде бір қария өте берді. Ол маған әлде не айтқандай болып еді, бірақ оның сөзіне құлақ асып жатар уақыт қайда? Зырлаған қалпымда ұшқыш шлемін киген адамның жанынан бір-ақ шықтым. «Артиллеристке ұшқыш шлемін киюдің не қажеті болды екен?!» деп ойлаймын. Әлгі кісіге қарап, көңілдене дауыстадым:
— Мон женераль!
Менің бетіме күле қарап қарсы алдымда тістері маржандай жас жігіт тұрды.
— Сенің женералың әне кетіп барады, – деді мен келген жаққа қолын сермеп.
Жалт қарасам мамам мен папам жаңа ғана мен қасынан өте шыққан қарияны алма-кезек құшақтап, қарық болып тұр.
— Ол қайдағы генерал? – деймін сасқалақтап.
— Іздеген генералың сол болады, –дейді мені иығымнан қаққан ұшқыш.
Мамам мен папама және маған бірдеңе деген қарияны бетке алып, аяңдап келемін.
Аяңдап жүріп келемін, не болып, не қойғанын өзімнің қалай ғана қателескенімді және мынау кісі атам бола қалған күнде генерал фуражкасының күнқағарын жарқыратып, алтын оқалы шинелін қазықтай ғып киіп алмай, неліктен сұр пальто мен кепка киіп келгенін түсінсем бұйырмасын. Аяңдап жүріп келемін, қарияны құшақтаған күйлері мамам мен папам да маған қарап тұр, қарияның жанары да менде. Жүрісімді жеделдеттім де қарияның сұп-суық, әрі шылым исі бұрқыраған пальтосына бетімді жасырдым.
— Танымадың, танығың келмеді, ә! – дейді атам. – Ой сұмдық-ай, танығысы келмеді.
Аэровокзалға оралып, ығы-жығы жұрттың арасына араластық, бірақ менің атама көңіл аударған бір адам болсашы. Әскери қызметін өтеп қайтқан солдаттар да сырт

берісіп, атамды елейтін емес, әдеттегідей сымдай тартыла қалған жоқ. Мейілдері, менің генералымның алдында олардың өйтіп тұра қалулары міндетті де емес шығар.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу