12.08.2022
  271


Автор: Альберт Лиханов

АТАМ ЖАЙЛЫ АЛҒЫ СӨЗ

 


Қысқасын айтқанда, менің де өз атам бар. Әкемнің әкесі. Әр адамның атасы, тіпті біреулердің екі бірдей атасы болады ғой. Мәселен Кешканың екі атасы, екі әжесі бар. Әкесі мен шешесінің әке-шешелері. Өйткені, кез келген кісі аспаннан түспейді ғой. Бала – солардың жалғасы, ұрпағы. Табиғат танудан беретін мұғалім де табиғаттағы кез-келген дүниенің жалғасы, ұрпағы болады деп түсіндіреді. Мәселен, ағаштарды алыңыз. Көктемде қайыңдардың гүлге ұқсап кішкене қанатымен өсетін тұқымдарын жел ұшыра жөнеледі де жан-жаққа апарып тастайды. Міне, осыдан қайыңның жас шыбығы өнеді, ол өскен соң одан да ауада пропеллер сияқты айналып ұшып жүретін қанатты тұқымдар өнеді. Осылай жалғаса береді. Жаңағы қанатты тұқымдардың да өз аталары, әжелері бар, олар – бұлар өскен қайыңның тұқымын өндірген о бастағы кәрі қайыңдар. Мінеки, адамдар да тура осындай.
Менде де осындай.
Тек менің бір-ақ атам – әкемнің әкесі ғана бар. Мен балалар бақшасына барып жүрген кезімде әжем де бар еді. Бірақ ол қайтыс болған. Мамамның қалай жылағаны, папамның қолы дірілдеп, чемоданға заттарын сала алмай әуре болғаны, сонан соң мені Кешканың үйінде қалдырып, әжемді жерлеп қайту үшін Москваға ұшқандары – бәрі- бәрі де күні кешегідей есімде.
Содан атам жалғыз қалған болатын. Әкем оған үнемі «бізге кел, бірге тұрайық», деп хат жазғанда атам әзірге қалаған жағына кете беруге хақысының жоқ екенін айтатын. Менің атам, анау-мынау емес, әскери қызметтегі кісі. Анау айтқан генералдың өзі, көп әскерлерге бұйрық беретін адам болу керек. Мен балалар бақшасында жүргенде осылай ойлайтынмын, оның Москвада тұратынын, армиядағы қызметінен босап, отставкаға шыққан соң, бізге келуге уәде беріп жүргенін өсе келе білдім ғой.
Өзін бір рет те көрген емеспін.
Дәлірек айтсам, бір жасқа жетер-жетпес кезімде көргенім бар екен. Әжемді де көріппін, әрине, есімде олар қайдан болсын, мамам мен папам мені соларға керсету үшін ғана Москваға барған көрінеді. Қандай екенімді, кімге тартқанымды көрсеткілері келіпті. Әрине, ол кезде менің кімге тартып туғаныма олардың жіп таға алмағаны рас, бірақ есімімді Антон қойыпты. Атамның есімі де Антон. Әкем мені сондықтан да Антон Екінші деп атайды. Бұл менің жаныма жаға түседі. Бір кезде Карл Он екінші дейтін король болыпты, ал мен – Антон Екіншімін – нашар есім деуге ауыз бармайды.
Атам Москвада, біз болсақ Сібірде тұрып жаттық, бірақ бір-бірімізді үнемі ойлаумен жүретінбіз. Әрине, атамның біз жайлы ойламауы мүмкін емес. Папам болса – оның жар дегендегі жалғыз ұлы, мен болсам – жар дегендегі жалғыз немересімін. Өзі болса – менің жар дегендегі жалғыз атам, біз сондықтан да ол жайлы жиі-жиі әңгімелесетін едік.
Үлкен бөлмеміздегі папамның жұмыс үстелінің үстінде атамның үлкен суреті ілулі тұрар еді. Жап-жас. Гимнастеркасының жағасындағы оқалары жалтылдап, жанары да ерекше отты көрінетін. Оның иығына қолын салып тұрған жап-жас қызды жас кезіндегі менің әжемнің суреті деуге сену қиын...
Атам да, әжем де биікке шығып алып, біздерге қарап тұрғандай көрінетін. Суретке арнайы солай түсірген болуы керек, бөлменің қай бұрышына барсаң да сенен жанарын аудармайды. Біздің тіршілік-тынысымызды бақылап, көріп отырғандай.
Сондықтан ба біз олар жайлы жиі-жиі әңгіме-дүкен құратынбыз. Папам айтып отырар еді: «Мамам – өз мамасын айтады, папам – өз папасын айтады, – қайда барса да жанынан қалып көрген жоқ. Папаммен бірге сонау Қиыр Шығысқа да, Кавказға да, Мурманскіге де барды», – деп. Папамды тыңдап отырсаңыз біздің атайдың бармаған жері жоқ. Папам осындай әңгіме айта бастаса-ақ алдымен мамамның бетіне жалтақтап қарай берер еді. Сол кезде мамам оның жанына барып, басынан аялай сипар еді. Сонан соң маған:
– Антошка, папаң екеуміз шынында да әжең мен атаңа ұқсаймыз, ә? – деп сауал қояр еді. Мен ондайда алдымен суретке, сонан соң мамам мен папама қараймын да бас шұлғимын.
– Рас, ол екеуі сендерге катты ұқсайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу