Өлеңдер ✍️
Аңсадым мен нені?
Сарылып, сағынып, аңсадым мен нені?
Жабығып, қамығып, түн басты кеудені.
Жалынып, табынып, бас ұрдым Аллаға,
Бар үміт тарылып, Хақ медет бермеді.
Бір ағын бұлағым суалап қалғандай,
Қиялым, құмарым нәсіпке жалғанбай...
Тынамын, шырағым лып етіп өшкенде,
Жыладым, құладым есімнен танғандай.
Өмірдің неғұрлым көп жесем соққысын,
Шегіндім, берілдім, таусылды еп-күшім.
Жеріндім көңілдің тұрақсыз түрінен,
Серіңді не қылдың, уа, Пірім, жоқпысың?!
Тәңірім, әмірің тым қатты пендеңе,
Тәңірім, таныдым, жақпадым мен неңе?
Жалыным, жарығым – басқада, басқада...
Арыдым, налыдым, жете алмай кермеме.
Сандалдым, таң қалдым тағдырдың күшіне,
Жалғанның қамдандым пақырлық ісіне.
Арландым, қармандым үзігін үміттің:
«Арманның, сол жанның енсем, - деп, - түсіне».
Не талап, не сабап жықсаң да, тек көнер,
Баққа орап жасамақ мейіріміңе бек сенер...
Жоқ тағат, жата қап шөлімді басар ем,
Махаббат шапағат сәулесін төксе егер.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter