Өлеңдер ✍️
Қазалы деген бір қала
Қазалы деген бір қала,
Мен сені бұрын көріп пе ем?..
«Жақыным ғой, – деп, – бұл бала»,
Жылыұшырадың неліктен?!
Ыстығы-ай мына аптаптың!
Жалын боп бетті шарпыды...
Күлтесіне ұқсап бақбақтың
Күміс ұшқындар қалқыды.
...Тасадан маған қадалып,
Сұқтанған сынды от-жанар.
Қызуы бойға таралып,
Жүрегім маздап, шоқтанар.
Бейтаныс қала...
Кеше гөр,
«Құлыным» деуге құмбылсың.
Шақырып түзу көшелер,
«Қал» деді ме екен, кім білсін?!.
Үйлерің анау, армандай,
Алтындай сары түстенген.
Мен тұрмын мәңгі қалғандай,
Перронға жаңа түскенмен...
Сағымдай көлбеп санада,
Сабылған сезім бұл қандай?..
Бәрібір осы қалаға
Бірдеңе жетпей тұрғандай.
Қазалы деген бұл қала,
Шуағын шашты кеудеге.
Сырғыды пойыз...
Мұңдана,
Қайрыла бердім мен неге?!
Ойларың ой-қырға бошалап,
Сағымды сезімді қуады.
Мәжнүнше дуалар махаббат
Жанды жан билеуден туады.
Ақылың адыра, сырт қалып,
Арманың аңсарға ауады.
...Аспаны көңілдің бұлттанып,
Ақ нөсер толассыз жауады.
Пейіштің сәулесін періште
Жебедей қадаса жүрекке;
Аһ ұрып қияли кейісте,
«Жетсем, - деп жылайсың, - тілекке».
Сүйгенің – сұлулық тәңірісі,
Сезіне алмайсың еш мінін.
Ата-ана, дос-жаран – бәрісі
Ол сынды келтірмес хоштығың.
Сөз берсең... беймағлұм не дері,
Айтарға тіл-аузың байланар.
Жаһанға жар салғың келеді:
«Жүректің дәруі қайда бар?».
Тағы да жас тамып көзіңнен,
Құр қысып кеудеңді құсалы;
Күбірлеп сөйлестің өзіңмен,
Бұл-дағы – жындану нышаны.
Көтермей басыңды жат, енді,
Үміттің шырағын білтелеп...
Әй, Мәжнүн, дертің тым қатерлі,
Жазылып кетерге – бір себеп...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter