Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  132


Автор: Болат Жетекбай

Жанға жайсаң жыр керек...

Жанға жайсаң жыр керек,
Ақ қағазға төнгенмен:
Ойдан күтіп бір дерек,
Сезімдерім сергелдең.
Қол жайғанда құлшынып,
Қиял ыңғай бермейді,
Ұйқаспайды тіршілік,
Ұйқым бірақ келмейді.
Көңіл күйін тыңдап ем,
Көз үрейім артады...
Түлейленіп түнгі әлем,
Тұңғиыққа тартады.
Ілдірмейді еш сырым,
Іште қатқан шемендей.
Еміс, еміс... ескі күн
Естен елестегендей.


Сырт-сырт сағат секундтап,
Соққылайды миымды.
Сұйық қанды неше ұрттап,
Суып жүрек... тиылды?!
Ойдың қайда дерегі,
Неге отырмын елеңдеп?
Ұйқы баурап жеңеді,
Ақ қағазда жоқ өрнек...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу