Өлеңдер ✍️
«жетім бұрыш»
Отаным бар,
Осал емес.... үйім жоқ,
Сұрағанға: «Орташалау күйім», – деп;
Күлімдеймін.
Ал, әйтпесе, пәтерін
Жалға берген орысқа да сыйым жоқ.
Жатырқайды арман еткен астана,
Жаутаңдайды келіншек пен жас бала.
Түрмедегі ұлы келіп, қожайын:
«Оған-дағы керек, – деді, – баспана».
...«Жетім бұрыш». Жағалай ел тұр үнсіз.
Тұрмыс қайтіп түзеледі шығынсыз?!
«Әр ай сайын екі жүз сом төлейсің!»,
Мен басымды изей бердім тынымсыз.
Күз келіпті-ау, аңғармадық қалай біз?
Үміт етіп жолға тағы қараймыз.
«Айлық – үш жүз, пәтер – екі... япыр-ай»,
Он саусақты бүгіп қайта санаймыз.
«Жетім бұрыш». Есім дұрыс әзірге.
«Үйі барға – күз деген не, жазың не?».
...Көптен бері шақырмаған екенбіз
Достарды да дастархандық мәзірге.
«Жетім бұрыш». «Жетімдері» – мына біз,
Таңнан келіп, кеш түскенше тұрамыз...
Пендеміз ғой, бірлі- жарым кемпірді
«Бөлісе алмай», қызғаныш та қыламыз.
Қаракөздер, қара көздер – үмітті,
Қас қылғандай күн де кенет суытты.
Жанымдағы жас жұбайлар айтады:
Бұларды да бүлік сала қуыпты.
Көңіл пәсең, ұлым еске түседі,
Қолымызға қонған бақыт құсы еді.
Бағу керек...
Ал, мен болсам, кей-кейде...
Адам қайбір жетіскеннен ішеді?!
Тәлкек тағдыр неге қатты сынайды?
Жыламаушы ем, жан-жүрегім жылайды.
«Не дайындап келер екен келер күн?»,
Бірдеңе ғып өткізерміз бұл айды.
Біз әуелден нәсіпсіз жан болармыз,
Бұл бағытпен қайда барып оңармыз?!
«Жетім бұрыш», хош болып тұр әзірге,
Ертең тағы соғармыз!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter