Өлеңдер ✍️
Кешегім мен бүгінім
«Мен қазақпын – мың өліп, мың тірілген..»
(Жұбан Молдағалиев)
Құт қашып, қызық кеміп, нала қалып,
Жүрегім жүрген кезде жараланып;
Жабырқау көңілімді жел жұлмалап,
Жылаушы ем жартас жаққа дара барып.
Күтпеген қыздан қайыр, ұлдан көмек,
Қаусаған қариядай... құр тән жебеп.
Ол кезде отырушы ем түк табылмай,
Мұздаған жүрегімде мұңнан бөлек.
Қайтар ем өлең атты дос келмесе,
Достыққа диуананы қош көрмесе...
Білмеймін сенерімді, сенбесімді,
«Басыңнан сондай дәурен көшкен» десе.
Басымнан бұлдыр дәурен көшті-кетті,
Таянып құламадым қос тіректі:
Домбыра және жырым – жан жолдасым,
Қураған қурайды да өскін етті.
Жалданған салты сасық, ғұрпы насқа,
Құл едім құлақкесті құлқын-асқа.
Барымды базарлады ұлықсатсыз
Ұлықтар пиғылы жат, ұлты басқа.
Түс көрдім.... жүрегіме бұлбұл қонып,
Сайрады, жақсылыққа жүрдім жорып...
Жылыстап өтті өкініш,
Мен жұртымның
Жайнаған жүзін көрдім гүл-гүл болып.
Бәрінен бірден қайтты бүгін есем,
Досым көп ұлты басқа, діні бөтен.
Ойлаймын, мен «мың өліп, мың тірілсем»,
Өлтірмей алып қалған – тілім екен...
Ділім екен,
Ислам дінім екен.
Тірлігім тоқытса ойға сан сабағын,
Анамның тілі арқылы аңғарамын.
Күн сүйген көңілімді жалау етіп,
Жартасқа барып тағы ән саламын.
«Мен енді өлмеймін» деп жар саламын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter