Өлеңдер ✍️
Кім білген?!
Асық атып, алаңқайда доп қудық,
Садақ иіп, сары қамыс оқ қылдық,
Көл жағалап, құсқа тұзақ көп құрдық –
Өмір ойын еместігін кім білген?!
Бір қаракөз қызға түсті назарым,
Хатқа салдым ғашық жүрек ғазалын.
Жатсам-тұрсам тартпадым ба азабын?!
Махаббатың от-жалынын кім білген?!
Кек жолында топқа талай бір барған,
Бірге жүріп, бірге күліп, мұңданған,
Бозбалалық сыр бөлісіп, ұрланған
Жақын достың суысарын кім білген?!
Ортақ мұрат, озық арман көксеген,
Қиындарға қол ұстасып беттеген,
Көңіліңе титтей күдік етпеген
Сатып кетер жолдас барын кім білген?!
Еш алаңсыз еркін сауық-сайранмен,
Көңіл өсті келер күндер, айлармен,
Жылдар, жылдар... жоқ қой айғай салғанмен,
Өткен өмір өкінішін кім білген?!
Өнер-білім жан суарып, нәр берді,
Ақыл толып, ой қуаты әлденді.
Шұғылаңның шалмас жері бар ма енді,
Надандықтың парқын бұрын кім білген?!
Күндіз аққан жұлдыздар – сезімдерім,
Зеңгір көгін көңілдің сызды талай.
Мен шабыттың шаңқай түс кезінде едім,
Өлеңіме өргізген ізгі сарай.
Алыстарды арбасын күмбездері,
Алтындатып төбеге ай қададым.
Тарихымның салмақтар шын безбені,
Төрге қойдым Темірдің тайқазанын.
Оюына Құранның сөзін теріп,
Гүл – миуалы иранбақ ектім және.
«Өзің келіп, өрнегін көзің көріп,
Бір жылы сөз айтар» деп еттім дәме.
Шымылдығын шашақтап күн нұрымен,
Шамқай жібек ұстадым қытайыдан.
Шамдалына жүректі бірге іліп ем,
Сәулесіне сыйғызып сыпайы мән.
Қиялымның қызылы, ой әрімен,
Ғибрат сөз тапқандай ғұламалық,
Шатырына шаттықтың бояуымен
Жаздым сенің атыңды... жылап алып.
Сен назарың салмасаң – айыпты жыр,
Май құярсың бықсыған мұң мен шерге.
Күндіз аққан жұлдыздай ғайып-ғұмыр
Жан сарайын жасаулап үлгертер ме?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter