Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  78


Автор: Болат Жетекбай

Ұшады жапырақ...

Ұшады жапырақ,
Ұшады
Жел қағып әкеткен үзік ой.
Көнерген мезгілдің нышаны –
Күз ғой бұл, көңілдің күзі ғой.
Күз желі кеудемнен еседі,
Сыпырып сыз демді жердегі.
Шұбалып шалғайы көшеді
Жылауық бұлттардың керуені.
Қызығын, қызылын күз ұрлап,
Құлазып жалаңаш бақ қалды.
Құлақтың түбінен ызыңдап,
Көңілдің бір күйі... жаттанды.
Көңілдің бұл күйі ығыр қып,
Созады мағынасыз мақамын.
...Түгесіп тірлікті бүгіндік,
Мұңыма оранып жатамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу