Өлеңдер ✍️
Құдай-жалғыз!..
Құдай-жалғыз!..
Қисабы жоқ болмыста
Жалғыздықты сезінеді неге әркім?!
...Уақыт –шексіз,
Өміріңде жол қысқа,
Құмға шөгіп,
қайтадан көп боларсың.
Жаратқанның анық шыны жүрекке,
Түйсінсін деп түсіре ме бір белгі?!
Әр көңілден шыққан түрлі тілекке
Бағзылардан мәні мәлім түр берді.
Не махаббат, не ғадауат...
Сол тілек,
Сертіне сай сараптаса зердесі:
Бүтін сырды бөліп-бөліп еншілеп,
«Жалғызбын» деп ойлай ма екен пендесі?!
Ақыреттің сыны келіп шүбәсіз,
Иман-сауал салынғанда талқыға –
Адам жалғыз – күнәлі не күнәсіз....
Жалғыздық па жаратылыс парқы да?!
Бу секілді бүкіл болмыс, ендеше,
Уақыт шегі болса болар қас-қағым.
Жайы білсін жүрек шіркін сенбесе,
Бәрі бекер бір Құдайдан басқаның!
...Құдай – жалғыз,
Біз – сананың сәулесі,
Құдіретін келдік Оның сезуге.
Бітер күні фәнидің көп әуресі,
Жалғыздықтан құтыларсың өзің де.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter