Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  109


Автор: Болат Жетекбай

Ақырзаман...

Шынымен ақырзаманның сыны келді ме?..
Шіріген исін мүңкітті іріген дүние.
Шаштарын жайып шайтандар бастады биін,
Ылығып түннің қойнында іңір өлді де.
Адамы нәжіс-оғымен аспанды сүртіп,
Назаның бұлты жауады жас қанды бүркіп.
Періште-көңіл сол жүрек бұлқынып қалды,
Мұхитты шайқап мұңымен, асқарды сілкіп.
Жылт етіп барып, жұлдыздай сөндің бе тағы?
Бір сәттік сәуле... бір сәттік..... ол кімге дәрі?!
Таңдайға тамыз,
Тамшыдай су бар ма, жаным,
Тазармас одан ғаламның кірлеген ары.
Ұлыған үрей... ұяттың ұйқысы – тылсым,
Іріңі түскен дүниенің түр-түсі құрсын!
Маңайыменен мысықтай мауыққандардың
Тажалды тоят тартады ынты-шынтысын.
Шашылып түсер жұлдыздар, шыңғырып ағып,
Ібіліс-тәңір ызғиды жын мініп алып.
Ынсабы қашқан пенделер іс қылып жатыр,
Ыңқылы тіптен күшейді, ындыны жанып.
Лауқылға жазып пәнидің келім-кетімін,
Отырған кімсің?..
Күн емес сенің де күнің!
Тастадым, міне, қаламды, қағазды жырттым,
Түннің де тілі байланды, менің де тілім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу