Өлеңдер ✍️
Ұлт наласы
Мың кінәміз, бар шығар бір күнәміз –
Қаулай өссек қай заман... қырқыламыз.
«Ардағымның айғағы қайда?» десем,
Сағымдай кілкіп жатар кіл сыр – аңыз.
Асыл құрсақ – Анамыз, ер – Бабамыз!
Енді ойласам, сол үшін шер қабамыз...
Жаһан шошып қарайды, біз – кім сонда?!
«Жаным арға садаға» дер ғанамыз.
Өлшемі кем жер-көктей қалыбыма,
Өнерімнің жетпейді парығына.
Ақыры Атадұшпан жеңеді екен,
Аңду салып арысым – алыбыма!
Сорың ба – ұл туғанда ұлы туған,
Сұм жаудың суарыпты қылышын қан.
...Сүт бетінің қаймағын қалқып тастап,
Сөйтіп талай қағыпты-ау ырысыңнан!
Аярдың алып өлген жағасынан,
Қазағым ар-көкірек о басынан.
Еділ мен Шыңғыс хандай қаһандары
Бастаған әділ жорық даласынан!..
Қорықса содан қорқып, бекемденер,
Рухымды оятудан секемденер.
Сырымды шашау шыққан қару қылып,
Ісімнің түзуіне төтен келер...
Сыздаса Шоқан-шерім, Шоқай-налам,
Санамда сансыз сарбаз атойлаған.
Қарашы,
Намысымның төбесінде
Шұқылап, жер қалды ма жат оймаған?!
Тектіден текті таңдап, қырды, жойды,
Басына қарашының құлды қойды.
Есіл ер,
Енді іздесең табарсың ба –
Алданып, арандатқан білдік ойды!
Ері жоқ... ел қалыпты соңындағы,
Шырағын сөндіргендей қолындағы.
Әлихан, Ахмет, Мағжан, Халел, Тұрар...
Әлі күн бос тұрғандай орындары.
Азаттық – ауыр жүк қой нар шыдамас.
Қасарып, сен бәрібір қарсыға бас!
...Әлі де бір Нәзірге кемдігің бар,
Сен соны сезесің бе, аңсыз Алаш?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter