Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  93


Автор: Болат Жетекбай

Іріп ағып барамын өз ішімнен...

...Іріп ағып барамын өз ішімнен,
(Ғұмырыма өмірдің тері сіңген).
Сенісуден саяқсып, келісуден –
Жаным бөлек,
Мен бөлек,
Әлем бөлек.
Хақ-Құдайға табыстап талайымды,
Гүл жүзіне қондырып арайымды;
Түнге тықтым тәркі тән – малайымды:
«Аманатты адалдап берем бе» деп.
Жылағым да келмейді, қуанғым да.
Жүгініп кеп отырсам жыр алдында,
Нұр жүзеді малтығып мұнар-мұңға...
«Сен де сүйтіп кеттің бе?» – дейді бір үн.
Ақиқаттан ажырап, сана суып,
Алқымдайды ақ сайтан аласұрып.
...Жаным қайта жатқандай жаратылып –
Ән әуезін естимін, күй күбірін.
Білген жаман екен ғой күні бұрын.
Уақыт мүжіп жанымның сірілігін,
Мінезімнің мойытса ірілігін –
Жүрмесемші жер басып, пәруардігер!
Қып-қызыл шоқ дүние,
таңнан – қызыл.
Күндей балқып барады жалған жүзі...


Қаннан қызыл қашырмай, жаннан – құзыр,
Пәруардігер,
Ағартып арманды бер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу