Өлеңдер ✍️

Хақ дәлелі – біз бармыз...
Хақ дәлелі – біз бармыз,
Сана жарық,
Бар нәрсеге қайтесің жала жауып?!
Астам-астам сөйлейсің,
сасып тұрып,
Бағың бастан, әнеки, барады ауып!
Оразаның отыз күн тәмам соңы,
Сылынған-дүр көздің де арам шелі?!
Бұдан артық бола ма мұғжизаңыз –
Бауырымдай көрсетсе маған сені?!
Махаббаттан жаралған инсан – Адам,
Артық емес ақ жанын қиса да Оған.
Өлсең, өшті дүние...
Сол ғой дәлел –
Қауызына тарының сыйса ғалам.
Сен жоқтықтан ортаймас тірлік, бірақ,
Ой тасымас көріңнен ұрлықшылап.
«Құдай өлді» деп күпір сөйлегенмен,
Құдай тірі, Ницше өлген – бұл бір сынақ.
«Тәкаппарлық асырмас бойың таудан,
Талтаң бассаң, жер аман ойылғаннан».
«Құрандағы» осы аят мегзер кімді,
Артық па сәл азғанға ойың салған?!
Аз-кем жүрек септігі – сенім бары,
Сеніміңнің сетінеп, неғылғаны?
...Осындайды дос көріп, ортақтасқан,
Опынатын орным ғой менің-дағы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇