Өлеңдер ✍️
Нұрлы жолың – мұратым!
Баянсызын білген сайын пәнидің,
Буалдырлы бақи жүзін танимын.
Жүрегімнен жол салады жосалап,
Алдаспаны Әзіреті Әлидің.
Улы нәпсі сүйегіме сіңбеске,
Армен күйіп, арам майдан аримын.
Арманымның ала туын көтеріп,
Ақыретшіл жігерімді жанимын...
Пірім – Бекет,
Әруағыңда – әл-дәрмен,
Бұзылмайтын бақ-дәулетке жаримын.
Қалғып кетпей, көздің алып шырымын,
Ұрпағыңды күзетіпсің ұлығым!
Өзің дедім – Абыройдың қорғаны,
Өзің дедім Ақиқаттың тұнығын.
Сарқылмайтын рухың мәңгі тірі-дүр,
Сарп етілсе хақ жолына ғұмырың.
Қияныңа қадап кетіп жүрдің сен
Өз қолыңмен өмірдің жас шыбығын!
Уа, Пір Бекет,
Нұрлы жолың – мұратым,
Мен де – сендей бір Алланың құлымын!
Сүрінгенім, жығылғаным көбірек,
Бетім күліп, ішім жылап, еңіреп;
Күнәлі істен күдер үзбес көңілдің
Қызық қуғыш құштарлығы бегірек.
Әр сипатта сынап жүрдім өзімді:
«Періште» деп, «пері» деп....
Тұтқын – жанның тілегіне, Тәңірім,
Тыныс бергей кеңірек,
Қысылғанда қазағыңды қолдай гөр,
«Бекетімнің елі» деп!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter