Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
11.08.2022
391
Үрімжі шаһары
Көңіліңнің көгіне
Еркін енген елік ем,
Аспан асты еліне
Аспантаудан келіп ем.
Мұнда да бар жыршы елім,
Көзімнің ақ, қарасы.
Үрия көңіл,
Үр сезім
Үрімжінің қаласы.
Арамызды бөлген кім,
Қауышқанда тарқар мұң.
Азаматтар көргенмін
Асығындай арқардың.
Түнеріп тұр түнгі аспан,
Көңіліме бағынбай
Құрбылармен
сырласқам
Құралайдың лағындай.
Ұшырайын құсымды,
Қыр астында ауыл бар...
Аспен бірге ұсынды
Ақ пейілін бауырлар.
Тағдыр нені өлшетті,
Жүрек шіркін жырлады.
Өр көңілін көрсетті
Өр Алтайдың ұлдары.
ескірмеген ел көрдік,
Жүрек, шіркін, сағынбақ.
Түн баласы тербелдік,
Даму әнге дамылдап.
Бұрын қалай білмегем,
Ел екенбіз баталы
Үмітімді үрлеген
Үрімжінің шаһары.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter