Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  185


Автор: Мақпал Мыса

Қайнарға бара жатқанда...

 


Шабытын сыйлар шақтар ма,


Ағарып атқан ақ таңда,


Айналып кеткен мақтанға,


О менің туған Мекенім,


Бақсызды бөлер бақтарға.


Мен саған ертең жетемін,


Ақ қар ма, әлде ақпан ба?


Жанымда лаулар от едің,


Тұманың суын татқанға.


Ойларға шомып кетемін,


Қайнарға бара жатқанда.


Бақ мекенім-ай, баталым,


Күндер-ай, шіркін, айлар-ай,


О, менің кіші Отаным,


Сандуғашың боп сайрамай,


Мен сенен қалай кетемін,


Бақыттан байрақ байламай?


Бір қызың болып өтемін,


Жұлдызың болып өтемін,


Қайнар-ай, шіркін, Қайнар-ай!


Жаныма сыйлап мақам мұң,


Мен сенен талай бата алдым.


Өзіңсің кіндік мекені –


Тоқсаннан асқан әжемнің.


Тоқсаннан асқан атамның.


Төсіңді сенің гүл емсін,


Тыңдарға тартар түленсің.


Арнау жыр жазсам өзіңе


Мені де көзге ілерсің.


Шапағатым деп білерсің,


Махаббатым деп білерсің.


Оңымнан туар жұлдызым,


Қырда өскен мен бір қырмызың.


Өзіңе ғашық мәңгілік


Қаршадай ғана бір қызың.


Қайнарда туу бір бақыт,


Жүректі жастан жырлатып.


Маңдайым тасқа тигенде,


Көзімнің жасын құрғатып.


Аруана болсаң, ботамын,


Сен асқар болсаң, жотамын.


Балаңмын – барлық атағым,


Махаббатымды аялап


Өзіңе бара жатамын,


Қайнарға бара жатамын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу