Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  125


Автор: Мақпал Мыса

Ілиястың Ақсуы

 


Ақсулап Ілиястай көсілер ме ем,


Күндердің керуенімен көші келген.


«Қобызшы Молықбай шал матайдағы»


Ұрпағы бармысыздар өсіп-өнген?!


Тектінің кіндік кескен жыры мұнда,


Тербелген өлең болып ғұмырында.


Ағынды Ақсу елі, армысыздар,


Таныған құлагерді құлынында!


Өрені өлең-жырды өмірім дер,


Кеудеме кемел ойдың көрігін бер.


Ақтаңгер Сара апамның айналайын,


Басыма бір киейін бөрігін бер!


Тірліктің тоқсан тармау тармақтары,


Ақсу Ар ардақтысын ардақтады.


Қанипа, Әлібек пен Ғалилары


Көгіне өлең-жырды самғатқалы.


Ежелден бақ тербеген ырысыңды,


Бұл өлке көкірегіме гүл ұсынды.


Ақсудың аққулары ұшты айналып,


Мұқашев Құдаш ағам жыры сынды.


Ақсудай арман елім сырын өрсін,


Көзіме тамшы болып ілінерсің.


Светтің айтпай кеткен ойлары мен


Жамаудың жазбай кеткен жыры дерсің...


Бұл өлке жарық өлке жөн білгенге,


Шырағын ақындар сөндірген бе?!


Ағынды Ақсуына Ілиястың


Бетімді бір шаюға келдім мен де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу