Өлеңдер ✍️
Жетісу – жетігеннің жеті ішегі
Жанымның жайлауында жиде пісіп,
Қайыңның жапырағында биледі шық.
Жетісу – жетігеннің жеті ішегі,
Сазынан аққу қонған, үйрек ұшып.
Табылған Есігінен алтын адам,
Арқардай ақ бұлағы арқыраған.
Жетісу - жеті жұлдыз жанымдағы,
Көгінде көңілімнің жарқыраған.
Ұшатын асқар шыңнан әні кілең,
Мен сенен алыс кетсем сағынып ем.
Жетісу - өлеңімнің жеті өрнегі
Анашым зерін төккен қалы кілем.
Аспантау – Хантәңірі сол бір өлең,
Жетісу - жеті жалау желбіреген.
Үшқоңыр жайлауына кие қонып,
Іленің өзеніндей мөлдіреген.
Тасында қалып қойған жыр бедері,
Жетісу - жеті бағым іргедегі.
Құлагер Ілиястың дүл-дүл жыры
Мұқағали ақынның мұңды өлеңі.
Өтсе де дауылдай күн, құйындай күн,
Қалайша қасиетіне сиынбаймын.
Жетісу - рухымен өнген өңір,
Қарасай,
Райымбек,
Сүйінбайдың.
Көгіне көгершіні самғар мына,
Беретін қанат байлап армандыға.
Жетісу - жеті жебе қорамсақта,
Қабанбай бабамыздан қалған мұра.
Туған жер, басындағы бағы ма едің,
Лағыңдай төсіңді емсін лағыл елің.
Жетісу- жеті жаһұт жанымдағы
Күні арай,
түні тылсым,
таңы керім.
Жанымның жайлауында жиде пісіп,
Қайыңның жапырағында биледі шық.
Жетісу – жетігеннің жеті ішегі,
Сазынан аққу қонған, үйрек ұшып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter