Өлеңдер ✍️
Мақпал әні...
Жанымды жыр қыла көр,
таңымды нұр,
Қос ішек пернесінен ағыл, дүбір.
Тамылжытшы, тамсанып мен тыңдайын,
Мақпал жайлы салшы, аға, әніңді бір!
Жазиралы сол кездің жазына енем,
Сағынышты сарғайтқан сазыңа ерем.
Әуеніңнен ән болып үзіледі
Мақпал қызға арналған нағыз өлең.
Аспан, жердің арасы –
Мақпал... Мақпал,
Сал-серінің сазынан тапқан бақ бар.
Өз алдына өлеңнің өрімі де,
Көз алдыма келеді ақтаңдақтар.
Көктем тумай көңілі көктемеген,
Айналайын, үніңнен төкпелеген.
Сегіз сері әні осы Мақпал жайлы,
Кешегіден бүгінге жеткен өлең.
Жанарынан сол әннің мұңды көрем,
Сырды көрем,
кей-кейде нұрды көрем.
Әуелеткен Әсеттің үкісіндей
Мақпал әні еді ғой үлбіреген?!
Көгімде жұлдызым боп жанбап па еді,
Асылын өлеңінің арнап тегі.
Арқада арда туған Ақан сері
«Мақпал-ау, Мақпал» деп ән салмап па еді?!
Бұл жайлы өткенім көп сыр айтады,
Қуантады,
көңілді мұңайтады.
Мұңдасы, сырласы да, тағдырласы –
Мақпалды Біржан айтпай кім айтады?
Бұл фәни ажыратса ақ, қараны,
Басынан баян көңіл бақ табады.
Сол әуен – бір ғұмыры қазағымның,
Сол ғұмыр – «Мақпал» әні,
«Мақпал» әні...
Қайнарбұлақ басындағы
қарағай...
Көктем туса көп іздейтін қыр гүлін,
Менің мұңым түсінгенге нұрлы мұң.
Айдыныма ай жүздірген сәттерде,
Жанарыңның жарығына сүңгідім.
Тауқызы едім бақыты шың, бағы арай,
Еңсені езер еңістерге қарамай
Сайдан құлап аққан жылға не дейді,
Қайнарбұлақ басындағы қарағай?
Мұнартаудың етегінде мұңлы ырғақ,
Шолпан туар шолпысымен түнді ұрлап.
Аспантауға асылатын секілді,
Жұлдыздардың сырғалары сыңғырлап.
Жұлдыздарға сен де, мен де жақынбыз,
Жарығынан жаһұт теріп жатырмыз.
Қайнарбұлақ басындағы қарағай,
Аспантаудың етегінде ақын қыз.
Ай да жалғыз,
мен де жалғыз,
ол жалғыз,
Жалғыздықтың жырын талай толғармыз.
Қайнарбұлақ...
қарағайдың қасында –
Қарашығы қараөлеңге толған қыз...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter