Әңгімелер ✍️
ҚАСІРЕТ
Ол, күнде анасының соңынан еріп, өрісте жүрген бірен-саран ғана қалған аша тұяқтылардың қиларын (тезек) теріп қайту үшін ауыл шетіндегі төбеге еріп шығатын. Анасы қой терісінен тігіп берген шекпеніне оранып, өкшесін қажаған қайыс етігінің қонышынан баса киіп, анасының соңынан ілби басып, ілесіп қалмайтын.
Қажаған етіктің әуресіне түссе де, өмір тауқыметінен бүкшиіп, қажыған қара кемпірдің сүйреткен қабына, алдынан кездескен малдың қиларын теріп салып, көмектескендей болатын. Көктемнің алдамшы суығын байқамай, ауырғалы бері, шамадан тыс қозғалса демігіп қалатынын білетін анасы, «Қанатжан өзім-ақ жинаймын, демалып отыра тұр»,- дейтін әжім басып, суықтан тотыққан жүзіне жай ғана күлкі ұялатып.
Бала көңіл, жетілер шамасынан енді асқан ол, ана жүрегін тілгілеп жатқан қайғының бар екенін аңғармай, өз-өзімен ойнап кететін.
– «Қарымсағым, Қарымсағым, құлыным-ай, қайда екенсің құлыныыыным...», - деп аңырап жылаған дауыстан шошып кеткен ол әупірім жерде жылап отырған анасын көріп, алғашында аңырап қалып, жүгіре құшақтап бірге жылайтын.
Жүректі жарған қасіреті ішіне сыймай ана байғұс, көз жасын көрсетпегендей боп, «Жай ғой балам, жүр үйге қайтайық» - деп кемсеңдеп, жартылай малдың тезегіне толған қапшығын арқасына асып, ілби басып ауылға қарай бет алатын...
Соғыс – қаусап тұрған елдің қабырғасын сөгіп, қалжыратып кеткен еді.
Жота-жотада, жайылып жүрген аша тұяқтың тезегін теріп, отқа тамызық ету, аштықтан есеңгіреген жұрттың күнделікті күйбең тіршілігіне айналған еді. Онымен қоймай, талғажау ету үшін күзгі егін орағынан қалған масақ жинау азаптың - азабы еді. Таң бозарып
атқаннан, қара кешке дейінгі жинаған бидай масағының мардымсыз дәндерін сабағынан ажыратып, қол дорбаға салғанда, жартысына да толмағанын көре тұрса да, қанағат деп, соған да шүкірлік етумен ауылға қайтатын. Қара күздің сұрғылт тұманына оранған, сиқы кеткен ауылдың кейпі – әлде бір қасірет мекеніндей елестейтін. Мұржаларынан болар-болмас түтіні түтеген қоржын үйлердің төбесіндегі қураған шөптер ұли соққан желдің екпінімен шайқалып, сүреңсіз күздегі қайғылы елдің
жағдайынан хабар бергендей еді.
Ол, қоржын үйдің ортасына орналасқан пештің оты жанғанша, азынаған үйдің төргі бұрышына барып, көрпеге қымтанып алып анасының от жағуын асыға күтетін. Намазын қаза қылмай, мешітке түскен азын аулақ садақаны ауылдағы жетім-жесірлерге таратып, кісісі қайтыс болған үйлерге кіріп, оларға Құран бағыштап кеш оралатын әкесі Бошатайды да асыға күтуші еді. Кешқұрым, үшеуі отырып, бидайдан жасалған ботқа мен тарыдан жасалған талқанды қорек етіп, ас ішіп демалуға жататын.
ІІ
Ол, өзін, он алты перзенттен қалған жалғыз ұл екенін білмейтін. Алдындағы өзінен бір мүшел 3 жас үлкен ағасы Қарымсақтың Ұлы Отан соғысына аттанғанын да білмеуші еді. Қызы өсіп бой жетіп, ұлы өсіп ер жетіп қалғанда ауырудан көз жұмған перзенттерінің қайғысынан қажыған анаға, Қарымсағының соғыстан оралмай, хабар-ошарсыз кеткені орасан соққы болып тигенін де сол кезде аңғармапты.
Сол ағасы Қарымсақтың 1938 жылдың ерте көктемінде Селолық советке барып, «Інісінің есімі Қанат болсын, менің - қолқанатым, тірегім болсын», деп туу туралы куәлікті өзі жаздырып әкеліп, әке- шешесін қуантқанын өсе келе, әкесінің аузынан естіп, жүрегінің толқығаны есінде. Өзінің жалғыз өскеніне
налыған кездерінде, әкесі Бошатайдың ұрпақтары жөнінде Сахара ғұламасы атанған Бекасыл әулиенің айтқан жорамалына шүкіршілік етіп көңілін демдейтін. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өзі қадір тұтқан Бекасыл әулие, құран ашып, басын шайқап отырып,
«Бозжан шырақ! Сенде біреу, әлде екі перзент болады, уайымдама, соңғы жағы үбірлі-шүбірлі болғалы тұр дегенін»,- әкесінің аузынан талай естіген еді. Қазір қарап отырса, жасы сексеннің сеңгіріне жақындапты. Соғыстан қайтпаған ұлын аңсап, еңіреп өткен байғұс анасы Қанымкүлдің қайтыс болғанына елу жыл өтіпті. Әкесі Бошатайдың да дүниеден өткеніне биыл отыз үш жыл. Бауыры Қарымсақтың қай жерде шайқасқаны, қайда сүйегінің қалғандығы жөнінде хабар жоқ. Жүргізілген неше жылдық сұрау салу, іздестіру өз нәтижесін бермеді. Ата-анасының алдындағы, мейлі болсын, бауыры Қарымсақтың алдындағы борышын орындай алмағаны, оның жатқан жерін тауып, бір уыс туған жерінің топырағын сала алмағаны жүрегіне қаяудай бататын еді. Тым болмаса, үйдің төріне іліп қоятын суреттегі бейнесі де қалмапты деп жүрегі қан жылағанда, кей түндері ұйықтай алмай шығатын.
«Анам байғұс, майданға кеткен баласын күтумен
жолына қарай-қарай құсалықпен өтті-ау өмірден, кім біледі, Қарымсағы оралғанда, әкемдей жүз жыл жасар ма еді»- деген орындалмас үмітпен таң аттырар еді.
«Жалғыздықтың жары құдай»,- демекші өз арбамды өзім сүйретіп, өсіп-өніп шөбере сүйіп отырсам да, Алла осы бір арманымды, әке-шешемнің аманатын, ар алдындағы, адам алдындағы парызымды орындауға медет бере көр, жан бауырым Қарымсақ жөнінде бір дерек білдіре көр»,-деп тілеген Қанат қарттың тілегі қабыл болатын күн де жақын еді.
ІІІ
Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай, Қазақстан
ұлттық арнасынан майдан туралы деректі фильм көріп ойға шомып отырып, қалғып кетіпті. Түсінде, ойда жүрген үміті шындыққа айналып, ағасы Қарымсақ майданда көрсеткен ерлігі үшін үлкен марапатқа ие болып жатыр. Неміс басқыншыларымен кескілескен ұрыста Латвия ССР-нің жерін азат етіп, ІІІ дәрежелі
«Даңқ» орденін кеудесіне тағыпты.
Стол үстінде тұрған телефон үнінен оянған ол, көрген түсін қимай біраз отырып қалды. Қоймай безілдеп жатқан телефонның тұтқасын көтергенде, ұлы Жорабек интернет желісі арқылы атасы Қарымсақтың мәліметтерін тапқандығын естірткенде, жаңа ғана көрген түсінің шындық екеніне, санасының түкпірінде жатқан ойының шындыққа жетелегеніне масаттанып,
«Әй, кемпір, сүйінші! Ағайынға хабар бер, айтатын қуанышым бар», деп далаға тыныстауға бет бұрды.
Кеш батып кетіпті. Батыстан соққан жылы жел, сәуір айының тәуір ай болып тұрғанын паш еткендей. Түн түндігін түріп, аспандағы сан мың жұлдыздар жымыңдап, қуанышыңа ортақпын деп тұрғандай.
«Қайран әке-шешем»,- деді аспанмен таласқан қарт Алатаудың бөктеріне қарап: «Менің бүгінгі қуанышымды көрсеңіздер ғой, шіркін!».
Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен бірге келген қуанышын жасыра алар емес. Көзіне қуаныштың жасы келді. Орындалмас арман мен ақталмас үміт шындыққа айналғанына әлі де сенер емес.
«Әке-шешем орнынан бір аунап тұрған шығар, әруақтар риза болсын, құдай бар деген осы дә»,-деп дұға етіп, бетін сипады.
«Е Алла, бауырым Қарымсақтың жатқан жерін тауып, басына туған жердің топырағын салсам, еш арманым болмас еді» - деді қолын жайып тұрып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter