Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  117


Автор: Ғалым Әріп

Тәңір-Алла ұланын сүйіп текті...

Тәңір-Алла ұланын сүйіп текті,
Бір басына бәрін де үйіп-төкті.
Кенен ақыл, теңдессіз талант беріп,
Парасат-пайымын да биіктетті.
Құдай сөзін құп алған бала талмай,
Құба белден жол тартты қара нардай.
Әлгі мынау жырлаған әз-ғаламның
Бар жұмбағын болжап бір таба алардай.
Бақ жұлдызын ашқанда бұла таңдар,
Ұлыларға жарасар ұлы армандар.
Мырзайыр-құм, басталған Басқұдықтан
Туған жер мен жүректе ұлы Отан бар!
Мәңгүртке де мәрттіктің жағар отын,
Сәулеліге тигізген шапағатын,
Қазақ сынды халықтың феномені


Арқалаған адамзат аманатын!
Сүйінді әлем қазақтың данасына,
Рухани өрлеген дара шыңға!
Жетпісінің желдіртіп желмаясын,
Келеді Ол даңғайыр Даласында!
Қауышады күнбе-күн еліменен,
Көз салады Маңғыстау төріне кең...
Тыныстап тұр ұлы Әбіш Кекілбаев


Үш Жүз Алпыс Әулие деміменен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу